Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген сөзі көп айтылады. Елге болсын деп, адал еңбек еткен аға буынның өмір жолы туралы сөз қозғалса, осы сөз қатар жүреді. Бұл сөзі мен ісі ел аузында қалған Алаш қайраткерінің есімі әлі талай уақыт халқымен бірге жасай беретінін көрсетсе керек.
Биыл Әлихан Бөкейхановтың туғанына – 155 жыл. Осыған орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Тарих және география» кафедрасының «Мұрагер» ғылыми-зерттеу үйірмесі «Ұлты ұлықтаған ұлы тұлға – Әлихан Бөкейханов» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Бұл іс-шара болашақ тарихшылардың ғылыми зерттеулер жүргізуге ықпал ету мақсатында ұйымдастырылды.
Жалпы Әлихан Бөкейхановтың мұраларын насихаттау, жас ұрпаққа Алаш аманатын ұғындыру – тарихшылар алдындағы үлкен міндеттің бірі. Сондықтан, дөңгелек үстелде бас қосқан ғалымдар тек тұлға туралы әңгіме қозғап қана қоймай, тың деректер топтастырылған «Алаштың Әлиханы» атты деректі фильмді де бірге тамашалады. деректі туындыда біраз мәлімет қамтылған.
Басқосуда Жамбыл облыстық Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының тарихтану бөлімінің басшысы Асылжан Шайділдаев қазіргі кезде тарихшылар алдында тұрған көкейкесті мәселе туралы сөз қозғады. Ә.Бөкейханов туралы деректердің әлі де болса толық зерттелмей жатқанын сөз етті. Ол туралы архивтердегі негізгі айтылмай жүрген құнды деректер ғылыми айналымға қосар сәтті күтіп жатқанын жеткізді.
«Тарих және география» кафедрасының профессоры Сейдахан Бахторазов ұсынған деректер студенттер үшін өте құнды болғанын айта кету керек. Ол қазақ халқының біртұтастығын, егемендігін ұстанған, кеңестік саясаттан бас тартқан ұлт зиялы қауымы өкілдерінің тәуелсіз автономиялы мемлекет құру жолындағы қызметтері жайлы кеңірек әңгімеледі. Кеңестік билік тұсындағы тарих ғылымында түркі халықтарының ортақ мүдделерін алға тартқан қоғам қайраткерлері жүргізген саясаттың қудалауға түскенін және зиялы қауым өкілдерінің ұсыныстары, идеялары мен ұстанған саясаттары, ортақ мүдделері мұрағат қойнауында қалып оны зерттеуге мүлдем тыйым салынғандығы туралы, сонымен қатар олардың көздеген мақсаты мен ұстанған қағидаларына тоқталып өтті.
Дөңгелек үстелде студенттер әртүрлі сұрақтар қойып, Алаш тағылымы туралы құнды деректер айтылды.
Аталған іс-шара университет ішілік деңгейде емес, жалпы өңірдегі тарихшы мамандарды қамтыған басқосу болды десек, қателеспейміз. Дөңгелек үстелге кафедра оқытушылары А.Көбесова, Н.Биназарова, А.Әлдібаева, Қ.Шолпанқұлова және Абай атындағы гуманитарлық Жоғарғы колледжінен тарих пәнінің оқытушысы А.Абдраимова, Медициналық жоғарғы колледжінен Г.Иманалиева, Қаратау тау-кен колледжінен А. Шимырбаева қатысты. Тың деректер айтылған дөңгелек үстелде сондай-ақ №9, №1, №53, №6 орта мектептер мен гимзания мұғалімдері де көптеген мәліметтерге қанықты.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар тапсырылды. Белсенділік білдірген ғылыми жетекшілер Алғыс хаттармен марапатталды.
Кеңестік кезеңде тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбандары болған тұлғалар – тарихқа айналды. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы отарлық саясатқа қарсы ұлт-азаттық қозғалыс тарихын зерттеу, оның ақиқатын білу жастарымыздың ұлттық рухтың нығаюына әсерін тигізді деп білеміз.
Гүлжан Идрисова,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мұрагер» үйірмесінің жетекшісі.