Пандемия басталғалы карантиндік талаптар көп нәрсеге тыйым салғаны рас. Екі жылдан бері Ұлыс күнін шат-шадыман шаттықпен тойлай алмай, амалсыз тосылдық.
Көңіл көркейтер осынау мерекені тойлауды жұрт, әсіресе, жастар сағынып-ақ қалған екен. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында «Қазақстан студенттері альянсының» жастары Наурыз мерекесіне орай студенттерге ерекше тарту жасады. Арнайы концерт ұйымдастырып, әсем ән шырқап, жырдан шашу шашты.
Жастардың Ұлыс күніне арнаған концерттік бағдарламасының форматының өзгеше болғанын айта кету керек. Студенттердің таптаурын сценарийге сүйенбей, тыңнан түрен салуға ұмтылғаны қуантты. Кәсіби тұрғыда мюзкл жанрына жақын шағын сахналық қойылым барысында әсем ән де шырқалды, би де биленді. Арасында жастардың жарасымды әзілі де көрініс тауып жатты.
Альянс жастарының көрерменге ұсынғанын рас,толықтай мюзкл деуге келмес. Әйтсе де, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған сахнадағы өз қаламыздың шағын көрінісі көңілге жақын көрініп, әдемі әсерге бөледі.