Жамбыл өңіріне жұмыс сапарымен келген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің музейін аралап, оқу ордасының тыныс-тіршілігімен танысты.
Дулати университеті – өңірдегі іргелі ірі оқу орны екені белгілі. Ал осы білім ордасы музейінің қалыптасу тарихының өзі ширек ғасырға жуық. Негізгі 5 залдан тұратын мәдени орталық тарихи мұраларға аса бай. Онда М.Х.Дулатидің өмірі мен еңбектері туралы деректерден бастап, аймақтағы жоғары оқу орнының құрылу, даму, өсіп-өркендеу кезеңін тұтас қамтитын мәліметтер түгел бар. М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік Университетінің басқарма төрағасы-ректоры Талғат Ешенқұлов музей жұмысы туралы айтып өтіп, осыған арнайы тоқталды.
Бұдан кейін Нұрлан Мәжитұлы университеттің АКТ залында өткен жиынға қатысты. Облыстық аумақтық, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері, саяси партиялардың өкілдері, облыстық ҮЕҰ өкілдері, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихаттардың депутаттары қатысқан басқосуда елдегі саяси реформаның алдағы сайлаулар барысына қалай әсер ететіні сөз болды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.