Хабиев чемпионатқа барады!

М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік Университетінің өнер және спорт факультетінің 4-курс студенті Адам Хабиев – шектеулі мүмкіндігіне қарамастан, өмірге құштар, ерік-жігері мұқалмаған жас. Оның қажыр-қайратының мықтылығы соншалықты, тіршілікте кей сәттерде кесекөлденеңдеп жиі шыға келетін кедергілерге мойыған емес. Сабақтан да, жаттығудан да қалмайды.

Алайда, оның мықты ұстанымы өткен жолы еріксіз бұзылды. Өйткені, оның қоларбасы жүруге жарамсыз болып қалған еді. Осыған байланысты шарасыз күйге түскен. Тіпті, оның алдағы уақытта армрестлингтен өтетін ел чемпионатына барудан үміті де үзіле бастаған...

Бұл жағдайды дер кезінде байқаған «Инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімделу» орталығының аға үйлестірушісі Сандуғаш Үсенованың бастама көтеріп, қайырымдылық көмек  ұйымдастырды. Жұрт жұмылса, кез келген кедергіні жеңу оңай. Бұл бастамаға тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті,  Өнер және спорт факультетінің ұжымы және жекелеген қызметкерлер,  «Инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімделу» орталығы және ата-аналардың  үн қосып қолдап, студент Адам Хабиевке жаңа қоларба әперді.

Енді Хабиев чемпионатқа барады. «Оған осындай зор мүмкіндік сыйлаған басқа емес, өз айналамыздағы қамқор жандар», - деді Тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Алуа Назарбекова  барша қайырымды жандарға алғысын білдіріп. Адамға жаңа қоларбаны апарып тапсырып тұрып, оған жарыстан жеңіспен оралуына тілектес екенін жеткізді.

Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Оны жасау үшін асып-тасып бай болу керек емес. Ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті.

 

Прочитано 941 раз
Top