М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтында корей мәдениеті бойынша «Көктем» атты фестиваль өтті.
Корея Республикасы Елшілігінің білім беру орталығы қолдауымен және “Әлем тілдері” кафедрасының ұйымдастырумен өткізілетін жиынды тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегенді ұстанған Дулати университетінің студенттері корей тілінде концерттік бағдарламаны еркін жүргізіп, әннен шашу шашып, мың бұрала билеп көпшілік қошеметіне бөленді.
Жастардың бойына толерантты мінез-құлық қалыптастыру, жан-жақты дамуына мүмкіндік туғызу, корей мәдениетін, корей тілінің ерекшеліктерін көрсетуді көздеген іс-шараның студенттер үшін берері мол болды.
Концерттік бағдарлама басталмас бұрын әр көрерменге сан жазылған лотереялық билет ұсынылған болатын. Сол арқылы концерт барысында тәттілер мен корей өнімдерін, сондай ақ студентке қажетті құралдар, ал басты сыйлық ретінде корей тілін үйренемін деушілер үшін таптырмайтын оқулық тарту етілді.
«Бір тіл білсең — бір адамсың, екі тіл білсең — екі адамсың». Көп тілді меңгергеннің білімі мен дүниетанымы да кеңейе түсетіні рас. Осы ретте студенттеріміздің талпынысы мен ізденісіне алғыс айту артықтық етпес.