Алматы қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігі және Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында білім беру процесіне тиімді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудегі инновациялық технологиялар» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Ғылыми жиынға Дулати университетінің оқытушыларынан бөлек жоғары оқу орындарының ректорлары, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамы, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, білім басқармасының басшылары, оқу-әдістемелік орталықтардың әдіскерлері, білім беру ұйымдарының педагог-психологтері, ювеналды полиция инспекторлары қатысты.
Мұнда Дулати университетінің ректоры Т.Ешенкулов және «Педагогикалық психология» кафедрасының меңгерушісі К.Сматова, аға оқытушы Ж.Сабралиева өзекті проблемалар төңірегіндегі өз пікірін ортаға салды. Өз кезегінде университет ғалымдары тұшымды баяндамалар жасап, өзара тәжірибе алмасты.
Конференцияда білім беру ұйымдарының психологиялық қызметтерінің жұмысына бірыңғай талаптарды әзірлеу қажеттілігі, педагог-психологтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, өмірдің қиын жағдайындағы балалармен жұмыс істеу үшін бірыңғай құралдарды енгізу, цифрландыру арқылы білім беру процесінің барлық қатысушыларын психологиялық-педагогикалық қолдау сапасын арттыру мәселелері қамтылды.
Білім берудегі психологиялық қызметтің көкейкесті мәселелері аясындағы пікірталастар «Заманауи технологиялар мен жетістіктер» Сұхбат алаңында және секция жұмыстарында өз жалғасын тапты. Конференция нәтижесі бойынша ата-аналар мен білім беру ұйымдарының педагог-психологтарына арналған аймақтық семинар-тренингтер және вебинарлар үстіміздегі жылдың сәуір-қыркүйек айларында өткізілетін болады.
Клара Сматова,
«Ұстаз» институты,
«Педагогикалық психология»
кафедрасының меңгерушісі