Қылқалам шеберлері анықталды

Өнер адам таңдамайды. Мейлі, ол ер не әйел, бай немесе кедей, тіпті туғанынан алғыр, білімге құштар кісі, әлде сауат ашып, дүниені біліммен тануға құлқы жоқ адам болсын. Құдай өнерлі етіп жаратса, таудай талант бармақтай баққа себеп болып, талайды таңдандырады. Бойға біткен өнер иесін еңбекқор, жігерлі, білімді етеді.

Сол сан салалы өнердің бірі ретінде – суретшілік. Қылқаламымен ақ қағазға жан бітіретін олар біз көре бермейтін құпияға толы әлемді олар бөлек көреді, басқаша сезеді. Сол арқылы көрерменді толғандаратын бейнені бейнелейді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Бабалар мұрасы» жасөспірімдер шығармашылығының ІІ ашық өңірлік байқауына ұсынылған еңбектердің ішінде бірден назар аударатын осындай туындылар да болды.

1

Жалпы бейнелеу өнері саласындағы жас талантты анықтау, жастардың қызығушылығын дамыту мақсатында ұйымдастырылған өнер бәсекесі өз үдесінен шықты деуге де болады.Байқауға облыс бойынша 100-ден астап оқушылар мен колледж студенттері шығармашылықтарын ұсынған.  Ұйымдастырушылар – «Дизайн және сән индустриясы» кафедрасы үміткерлердің еңбектерін 3 номинацияға бөлген. Атап айтсақ, «Көркем бейнелеу өнері», «Графикалық сурет», «Коллаж» бағыттары.

Байқау барысында суретшілер ұсынған еңбектеріне арналған көрме ұйымдастырылды. Іс-шарада М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Сейітжан Орынбаев «Бабалар мұрасы» байқауы жас таланттарға қолдау көрсету үшін ұйымдастырылатынын айтты. Университетте студенттік іс-шаралар, байқаулар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, пәндік олимпиадалар жиі өткізіліп тұратынын атап өтті.

3

Сонымен қатар, «Өнер және спорт» факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұргүл Көшкінбаева болашақ талапкерлерді факультеттің ғылыми, мәдени-ағартушылық, қоғамдық қызметімен, 6 кафедраның білім беру бағдарламаларымен қысқаша таныстырды.

Байқау нәтижесінде «Бабалар мұрасы – 2022» ІІ облыстық жастар шығармашылығында №53 гимназия мектебінің оқушысы Сабина Бегілдаеваның графикалық техникасымен жасаған «Ұрпаққа аманат» эскизі үздік шығармашылық жұмыс деп танылып, жас суретші гран-при иегері атанды.

Мектеп оқушылары санаты бойынша Луиза Әлімханқызы І дәрежелі дипломды еншілесе, Әбдіманап Ескелді ІІ орынды еншіледі.  Нышан Сүлейман үздік үштікті түйіндеді.

Колледж студенттері номинациясы бойынша Сахиба Ернияздың еңбегі  үздік деп танылып, І орынды жеңіп алды. Дильназ Мұхамеджан ІІ орынды олжаласа, Ази Арсен ІІІ орынды місе тұтты.

«Өнер және спорт» факультетінің 1 курс студенттері арасындағы жүлде бөлінісі былай болды: Зере Сламбек – 1, Меңлайым Кеңесбек – 2,  Нұржәмиля Әбдірахманова 3-орынды еншіледі. Байқау қатысушылары және жетекшілерінің барлығы арнайы алғыс хаттармен маратталды.

Дулати университетінің «Өнер және спорт» факультетінің деканы Мұхамеджан Нұрпейісов бұл байқауда болашақ суретші-дизайнерлер өздерінің шығармашылық идеяларын, шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік алғанын айтты.

– Байқауға ұсынылған шығармашылық жұмыстардың әрқайсысы заманауи ағымдармен ұштасатын этникалық бірегейліктің көркем синтезі. Бүгін университетіміздің базасында әлемдік платформаларды бағындыратын болашақ дизайн саласы мамандарының шығармашылық жұмыстарының нәтижелері ұсынылды. Әр қатысушы жеңімпаз. Өзінше тың дүние жасаған. Өнерлерінің өрісі кең болуы үшін үнемі ізденіс үстінде жүруге шақырамын!,- деген ол жас өнерпаздарға табыс пен толағай жеңістер тіледі.

6

1 2

4

Медиа-қызмет.

Прочитано 978 раз
Top