Референдум – ел болашағын айқындайтын қадам

Елдегі саяси және басқару жүйесіндегі реформаларға құқықтық негіз беретін бұл референдумның маңызы зор. Бұл – Қазақстанның болашағын айқындайтын қадам. Сондықтан, ел-жұрт 5 маусымда елдегі өзгерістерге біркісідей атсалысып, қолдау көрсетеді деген үміт мол.

Сонда ғана Жолдауда жарияланған реформалар халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда беки түседі. Жұрт өз таңдауы арқылы еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам жасайды. Референдумның өтетін уақыты белгілі. Оны өткізу тәртібі қандай, ел азаматтары оған қалай қатыса алады? «AMANAT» партиясының облыстық филиалының М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жас сайлаушылармен өткізген кездесуінде осы және өзге де мәселелерді түсіндірілді.

2

Жиынға Дулати университетінің басқарма төрағасы-ректор Талғат Ешенқұлов, «AMANAT» партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Қасымхан Төлендиев қатысты.

– Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерде мемлекеттің басты капиталы – халқы және елдің, жердің иесі де сол халқы екенін айқындайтын басымдықтар бар. Жалпы Ата Заңдағы 98 баптың 33-і өзгертілмек. Бұл елдегі саяси жүйені құқықтық тұрғыда бекітеді,  - деді Қасымхан Естемесұлы.

 Жалпы Жолдау аясында Қазақстанның жалпы жүйелік трансформациясына ықпал ететін және мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының жаңа парадигмасын айқындайтын саяси реформалардың 10 басым бағыты белгіленгені белгілі. Конституцияға енгізілетін өзгерістер сол бағыттарды жүзеге асырудың заңдық негізі болады. Өйткені реформа саяси, құқықтық, партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принципін өзгертеді. Университет басшысы Талғат Ешенқұлов жастарға алдағы өзгерістерден нақты не күтуге болатынын түсіндірді.

– Өзгеріс өзімізге керек. Конституциямызға енгізілетін өзгерістерді бекіту үшін өтетін референдумның мәні мен маңызы осында. Елдегі реформаларға құқықтық негіз болатын өзгерістер халық талқысына салынып отыр. Ендеше, оны қолдап, дауыс беру – елге жүктелген жауапкершілік. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құжаты – Конституциясы. Ал ондағы жазылған әрбір сөз, әрбір тыныс белгісі маңызды рөл атқаратынын жастар түсінуі керек. Қазірден елдегі орын алып жатқан өзгерістерді дұрыс саралап, ой түйіп, немқұрайлылық танытпау қажет, - деді Талғат Ілиясұлы.

*  *  *

Конституциялық реформа – еліміздің дамудың жаңа жолын таңдағанының көрінісі. Тарихқа көз жүгіртсек, Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі әлемде бар тенденция. Алысқа бармай-ақ көршілес елдерде мұндай саяси процесстер жақын жылдарда болған. Сол себепті 27 жылдан кейін өткізілгелі отырған референдумға үрке қараудың еш жөні жоқ. Тиісінше, бұл қадам Конституциямызда айқындалған әр азаматтық конституциялық құқын растап, елдегі өзгерістерді өз таңдауына қалдырып отыр.

5 маусым күні өтетін референдум төңірегінде Дулати университеттерінің профессор-оқытушыларының пікірі жалпы осыған саяды. Оқу орнының бас ғимаратында өткен жиында оқытушылар елдегі орын алып жатқан өзгерістер туралы ойларын ортаға салды.

Референдумға қатысты, дауыс беру жүйесіне байланысты түсіндіру жұмыстары дәл осы күні бас ғимараттың мәжіліс залында өткен жалпы жиналыста да сөз болды.

Кездесуде 5 маусымда өтетін республикалық референдумға кәмелет жасына толған және белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алатыны айтылды. Жергілікті атқарушы органдар дауыс берушінің тұрғылықты жері мен тұрақты тіркелуі негізінде алдын-ала тізім жасайтыны, 20 мамырдан бастап өз учаскеңізде аталған тізімдегі өзіңіз туралы деректерді тексеру мүмкіндігі берілетіні түсіндірілді.

Мәселен, егер сізде дерекке қатысты өзгерістер енгізу қажет болса немесе тізімде аты-жөніңіз болмаған жағдайда учаскелік референдум комиссиясына жүгіне аласыз.

3

5

6

Прочитано 1502 раз
Top