М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Ұстаз институты «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен «Алаш рухани кеңістігінің кемеңгері» атты республикалық семинар өтті.
Семинарға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессор-оқытушылары, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, ф.ғ.д., профессор Мекемтас Мырзахметұлы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінің тәрбие және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Дихан Қамзабекұлы, Дулати университетінің профессоры ф.ғ.д., профессор Айгүл Үсен, Алматы қаласындағы «Ұлттық метатаным» педагогикасы негізіндегі Республикалық жекеменшік ұйымдар қауымдастығы білімді дамыту институтының директоры Ерұлан Жиенбаев, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Шара Қияхметова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры ф.ғ.к., децент Анар Фазылжан, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің басшысы Шахризада Өсерова, Ұстаз институтының директоры Орынқыз Джолдасава, орта мектептердің мұғалімдері, магистранттар мен студенттер қатысты. Ұлт ұстазының рухани мұраларын ұлықтауға арналаған аталмыш іс-шараның модераторы университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Гүлвира Мұсабекова алғы сөз алып А.Байтұрсынұлының шығармашылығы жайлы айтты. Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Абдықадырова А.Байтұрсынұлының шығармашылығындағы әлі де болса толық зерделенбей жатқан дүниелердің бар екендігін, ұлы ұстаздың рухани мұраларын жас ұрпаққа әр қырынан танытуға бағытталған іс-шараларды алдағы уақыттарда да жалғасын табатындығына ерекше тоқталып, семинар жұмысын қорытындылады.
Ұлт көсемінің рухани әлемін тыңғылықты талдау мен түсіндіруге арналып үш жарым сағат уақытқа созылған семинарға қатысушылар А.Байтұрсынұлының ғалымдық жолындағы феноменін жете түсініп, тың мәліметтермен танысып, ұлттық дүниетанымдары кеңейе түсті.