Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі қайтарылады

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа министрліктің негізгі жұмыс бағыттарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ғылым саласындағы негізгі міндеттерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға сапары кезінде Ұлттық ғылым академиясында айтқан.

«Біріншісі – Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін қайтару және нығайту, бұл жұмыспен белсенді айналысып жатырмыз. Тиісті заң жобасы әзірлену үстінде. Екінші үлкен бағыт – университет пен ЖОО-дағы ғылым. Қазір өкінішке қарай, университет ғылымы негізгі ғылым бола алмады, іргелі, қолданбалы ғылымды қоректендіретін алаңға айналмады. Бұл жерде де бар күш-жігерімізді саламыз», - деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге, ведомство қызметінің тағы бір маңызды бағыты – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді немесе қолданбалы зерттеулерді қолдау және қаржыландыру.

«Бұл жерде біздің министрлік пысықтап жатқан бірнеше жүйелі шаралар бар және жақын арада осының барлығын ашық талқылайтын боламыз. Біз өзіміздің ғылыми қауымдастығымыздан, негізгі ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамынан базалық техникалық тапсырма аламыз», - деді С. Нұрбек.

Прочитано 805 раз
Top