Биылғы «Балалар жылына» орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Ұстаз институты балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерін ұйымдастырған болатын. Жас жеткіншектердің бос уақытын өнер-білім үйренуге бағыттауды мақсат тұтқан бастама сәтті жалғасуда. Жақында «Педагогика» кафедрасының ұйымдастыруымен лагерьдің кезекті маусымы аяқталды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» – деп, балаларға ерекше назар аудару керектігін баса айтқан болатын-ды. Осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыруда Дулати университетінің ұжымы бастамашылдық танытуда.
Жазғы лагерьдің 3-ауысымында жоғары сынып оқушыларының танымдық қызығушылықтары мен белсенділіктерін арттыру мақсатында «Досыңды таны!» педагогикалық тренинг, «Менімен дос бол!» нетворкинг, «Ең әдемі киім – менің ұлтымның киімі» ұлттық киім айшықтары-фотосессия, «Жүзден жүйрік» білім сайысы, «Тимбилдинг» топтық жұмыс, «Домбыра-пати» күй- керуен, «Жылдың үздік тик-токері» байқауы, «Қазына» квест- іскерлік ойыны, «Тараз – менің сүйікті қалам» Тектұрмас және Шахристан тарихи қалашығына танымдық саяхат, «Менің таңдауым –Дулати университеті» университет мұражайы, кітапхана, телестудиясымен танысу, және т.б әртүрлі интеллектуалды ойындар, жарыстар, мәдени танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Балалар жылына орай университет басшылығы ұйымдастырған жазғы лагерьдің басты мақсаты – бүгінгі жас ұрпақты бойына ұлттық құндылықтарды дарыту, ел руханиятынан тағылым беру. Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тағдыры, өз ұрпағының тәрбиесін өз жолына қоя алған ұлт қана өз тағдырын ойдағыдай қамдай алмақ.
Клара БУЗАУБАКОВА
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор