Болашақ бүгіннен басталады

Әділдікті бүгін іздемесек, келешегіміздің қамын қазірден ойламасақ, ертең бәрі кеш болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» аталуының мәні тереңде. Мемлекет басшысы осы тұтас жүйені құрудың жолын саяси жаңғырудан бастауды ұсынып отыр.

Жалпы кез келген мемлекет әлеуметтік әділдік орнатуы үшін тұтас жүйеге өзгеріс әкелуге ұмтылатыны тарихтан белгілі. Басқару жүйесінде серпіліс, әділеттілік болмайынша, азаматтардың тұрмыс-тіршілігі де қалыпты арнаға түспейтінін қоғамдық құрылыстардың әр кезеңінде көрдік. Сондықтан халық саяси реформалардың Қазақстан қоғамына оң өзгеріс әкелетінінен үмітті.

Қай мемлекеттің де келешегінің жарқын болуы жастардың ой-танымы мен іс-әрекетіне тікелей байланысты. Кез келген қоғам үшін бала тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесінің маңызды болатыны да, сондықтан. Сол себепті, өскелең ұрпаққа қажетті жағдай жасалуы тиіс. Өйткені еліміздің әрі қарай дамуы, өркендеуі болашақ жастардың қолында. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Жолдауда атап айтты.

Кәсібіміз бен күнделікті жұмысымыз жастармен тығыз байланысты болғандықтан, Жолдауда көрініс тапқан маңызды мәселелердің ішінде білім саласына қатысты жаңалықтар ерекше назарымды аударды. Жалпы, білім саласының қызметкерлері «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының қабылданатанына қуанғаны анық. Білім берудің қай сатысында қызмет етіп жүрсек те, біз оқыту ісінде орта білімнің рөлі үлкен екенін атап айтуымыз керек. Ал сапа материалық, моральдық жағдайы тең ортада болады.

Қазір нарықтық қатынастар кезеңі. Алдымен алда ақша жүретіні, яғни материалдық жағдайдың алға шығуы – қолайлы орта қалыптастыру қажеттілігінен туғандықтан. Оқу үшін де, оқыту үшін де соған сай базасы болуы керек. Орта білім сатысында «Жайлы мектепке» деген сұраныс артып тұрса, жоғары оқу орындарында талапкерлерді тартуды жолы – жайлы әрі бәсекеге қабілетті білім ордасын қалыптастыру. Университеттер де материалдық, рухани жағынан талапқа сай болуы үшін қаржы тартудың көзін қарастырады. Сапа артса, оқу ақысы да өсіп отыратыны, сондықтан. Мемлекеттің білім беру гранттарын бөлуді бекер жоспарлап отырған жоқ. Соған қарай ҰБТ нәтижелері мен өзге де көрсеткіштерге байланысты мөлшерді 30-дан 100 пайызға дейін саралау ұсынылып отыр. Сондай-ақ оқу үшін студенттерге 2-3 пайыз жеңілдікпен кредиттер де беру де қарастырылмақшы.

Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алда педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің жаңа стандартын қабылдау және педагог құзыреттілігінің шеңберін әзірлеу міндеті тұр. Жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық цикл және ағылшын тілі пәндерін оқытуды күшейту маңызды» дей келе әділетті мемлекет құруда мектеп мұғалімдері шешуші рөл атқаратынына сенімді екендігін жеткізді.

Президент студенттерді жатақханамен қамтудың жолын қарастыруды тапсырды. Жасыратыны жоқ, қазір мегаполис қалаларда, облыс орталықтарында жастардың уақытша баспанасы мәселесі өте өзекті. Ендігі жерде жеке меншік жоғары оқу орындары мемлекеттен қолдау алуы үшін жатақхананың жайын шешуі тиіс.

Жолдаудағы әлеумет үшін ерекше әсері бар жаңалық – ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі дер едім. Мысалы, осыдан бір жыл бұрын ең төменгі жалақы 60 мың теңге болатын, енді ол 70 мың теңгеге дейін көтерілетін болды. Бұл өзгерістің нақты әсері болары сөзсіз. Өйткені ең төменгі жалақы алатын топтың елеулі бір бөлігі – жастар. Айталық, «Жасыл ел» құрылыс жасақтары жаз мезгілінде түрлі бағдарлама бойынша қызмет етеді. Жалақының өсуі жастарға қосымша мотивация болатыны анық.

Президент Жолдауында осыған дейін жүзеге асқан жұмыстар қорытындыланып, алдағы жаңа мақсат-міндеттер нақтыланды. «Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады» – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды.

Күн санап, таным өзгеріп, талап күшейіп жатыр. Соған қарай таңдау жасау да күрделене түсті. Президент атап өткендей, біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Егер халықтың бірлігімізді бекем болса, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі елге айналарымыз анық. Әділетті Қазақстанды бірге құру – біздің қолымызда.

Сағынтай Тәттібаев,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің

«Құрылыс және материалдар өндіру» кафедрасының

аға оқытушысы.

Прочитано 817 раз
Top