Ұлт бар да, тілдік проблемалар қашанда өзекті. Тілсіз қоғам өмір сүре алмайды, тіл қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс – тіл жоқ. Тіл – қоғамның айнасы.
Ұлттық құндылығымыз ретінде көрсетілетін құрмет кеше немесе бүгін басталған жоқ. Жаңғырту, дамыту, жастар арасында насихаттау жалғаса бермек. Осы мақсатта «Ұстаз» институты «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының ұйымдастыруымен «Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры» атты әдеби сазды кеш өтті.
Жиынға қонақ ретінде Халықаралық Қазақ тілі қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының төрайымы, «Анаға тағзым» орталығының басшысы Эльмира Мырза Ғали қатысты.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін асқақтату, қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу әрбір азаматтың борышы, міндеті демекпіз. Осыған орай кеш барысында студенттер толғандырып
жүрген бүгінгі тіл мәселесіне қатысты өзекті сұрақтар мен келелі ой-пікірлерін айтты. Ақиық ақындардың өлең жолдарынан жыр шумақтары оқылып, афоризмдер монтажы келтірілді.
Жастар арасында ана тілі мен ел тағдырын жырлайтын термелер мен өлеңдер айтылып, қонақтарға рухани кеш сыйлады.