Жаратылыстану ғылымдары факультеті, Биология кафедрасының "Жылыжай" эксперименттік учаскесінде білім алушылардың теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға және ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндіктері мол.
Жылыжай жұмысы тоқтап, біршама уақыт іші қаңырап қалған болатын. Соңғы уақытта олқылықтың орны толтырылып, жұмыс қайта жанданды. Бұрынғыдай студенттер тәжірибе жасап, қайтадан қызу тірлік пен қарбалас жұмыс басталып кеткен. 2023-24 оқу жылында "Жылыжай" эксперименттік учаскесі басшылық бастамасымен толық жөндеуден өтіп, қажетті техникалар мен құралдар университет тарапынан қаржыландырылды. Енді магистранттар мен студенттердің ғылыми, тәжірибелік жұмыстарын жасауына толық мүмкіндігі бар.
Биология кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Зияева, Жылыжай меңгерушісі Сабырбек Еспенбетов пен кафедраның өзге де қызметкерлері жұмыстың жандануына өз үлестерін қосып келеді. Бұрынғы техника, құрал-жабдық бәрі қайта қалпына келтірілген. Жылыжай меңгерушісі Сабырбек Еспенбетов атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті: – Жылыжайда жыл бойы өсімдіктердің әр түрі және сорттары өсіріліп, зерттеледі. Бүгінде Құлпынайдың Alba сорты өсіріліп эксперименттер жүргізіліп жатыр. Бұрыштардың Клаудио Ғ1, Гиганткрасный Ғ1, Альба сорттары өсірілуде. Сонымен қатар, көгалдандыру үшін қажетті декоративті өсімдіктердің көшеттерін де ектік. Раушан гүлінің «Норита», «Моника» сияқты бірнеше сортын отырғыздық. Бұлар суыққа төзімді гүлдер. Нөлден төмен градуста да жайқалып өседі. Көкөніс, өсімдіктер жақсы өсуі үшін түрлі тыңайтқыштар, биопрепараттар қолданамыз, - дейді.
Жылыжай аумағы толық игерілген. Шеткі бос орындардың өзінде пияз, шалғам, аскөк өсіп, жайқалып тұр.
Жылыжай кешенінде әртүрлі инновациялық технологиялар пайдаланылады. Соның бірі су үнемдеу, яғни тамшылатып суғару технологиясы. Сонымен қатар өсімдіктерді топырақсыз өсіруге болады, ол үшін ағаш үгінділері немесе кокос субстраттары пайдаланылады. Бұл эксперименттік жұмыстар жүргізу үшін тиімді әдіс.
Медиктік-биологиялық іс БББ 2-курс студенті Жания Пернебек жылыжай жұмысы мамандықты игеруге, теориялық білімді тәжірибе жүзінде зерттеп тануға көп көмегі тигенін айтады. – Ботаникалық өсімдіктердің биологиясы пәні бойынша практикалық сабақ өттік. Өсімдіктердің құрылысын зерттедік, өсімдіктің өсуіне әсер ететін факторларды анықтап, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын жан-жақты танып білдік. Болашақта алған біліміміз қажетімізге жарайтынына сенемін, - дейді болашақ биолог. Осы мамандықтың студенті Ақерке Құрманбай да жылыжайдағы зерттеу жұмыстары көп көмегін тигізетінін айтты: «Дәрілік өсімдіктердің биологиясы пәні бойынша осында лабораториялық жұмыстар орындадық. Сабырбек ағайдың көмегіне жүгініп, дәрілік өсімдіктердің емдік қасиеттерін зерттедік. Тәжірибе жасау арқылы біз мамандыққа машықтанамыз»,- дейді.
Жылыжай – студенттер үшін тәжірибе алаңы. Әрі ауа райы салқын кезде көкөніс пен гүлдердің өсуі көңілге қуаныш сыйлайды. Бақша жұмысын ұнататын, өсімдік егіп, оған қараудан рахат табатын адам үшін жылыжай жайлы орын.
Жылыжай жұмысы – табысты кәсіп көзі. Мұнда жұмыстың қыр-сырын меңгерген студенттеріміз бәлкім болашақта өз кәсібін ашуға қанаттанар. Істің көзін тауып, жұмысын жүргізер. Ал мұндағы тәжірибе, ұстаздардың көмегі, мамандардың кеңесі болашақ кәсіпкердің, білікті маманның қалыптасуына сеп боларына сенеміз.