Түркия университеттерімен байланыс нығая түсті

Дулати университеті Кастамону университетімен ынтымақтастық байланыс орнатқанына  10 жылдан астам уақыт болды.  Жоғары оқу орындары арасындағы байланыс студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуы, ғылыми тағылымдамадан өту және зерттеу жобаларын іске асыру шеңберінде жүзеге асып келеді.  Дулати студенттері жыл сайын Кастамону университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алады.

05-29 желтоқсан аралығында Кастамону университетінен доктор Мұрат Конук республикалық бюджет есебінен шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы бойынша университетке шақырылды. Ол студенттер мен магистранттарға түрік және ағылшын тілдерінде «Speaking club» өткізеді. «Білім беру психологиясының әлеуметтік-мәдени тәсілдері» бағыты бойынша дәріс оқиды, сондай-ақ университеттің жас ғалымдары мен докторанттарымен дөңгелек үстелдер өткізеді деп жоспарланып отыр.

Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова шетелдік ғалымды қабылдады. Кездесу барысында ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері мен болашақ жоспарлар талқыланды. Шолпан Алтынбекқызы өз сөзінде Кастамону Университеті көптеген білім бағдарламалары бойынша маман даярлайтын  Түркиядағы танымал білім беру және зерттеу орталықтарының бірі екенін айтып, Дулати университетінің тұрақты серіктесі екеніне де тоқталды.

Доктор Мұрат Конук Дулати университетіндегі бірлескен жұмыс оң нәтиже беретініне және екі жоғары оқу орнының өзара тиімді ынтымақтастығы Қазақстан мен Түркияның достық қарым-қатынасын нығайтуға өз үлесін қосатынына сенім білдірді.

3

Прочитано 541 раз
Top