ТҮРКИЯЛЫҚ ПРОФЕССОР СТУДЕНТТЕРГЕ ДӘРІС БЕРУДЕ

Дулати университеті көптеген шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Академиялық алмасу аясында студенттер мен оқытушылар шетелдік ЖОО-да білім алады, біліктілігін шыңдайды. Сондай жақсы қарым-қатынас орнаған университеттердің бірі – Түркия елінің Кастамону университеті. Дулати университеті мен Кастамону университеті арасында байланыс орнағанына 10 жылдан аса уақыт болды. 

Желтоқсан айында Кастамону университетінің докторы Мұрат Конук Дулати университетіне келді.  Ол студенттер мен магистранттарға түрік және ағылшын тілдерінде «Speaking club» өткізеді. «Білім беру психологиясының әлеуметтік-мәдени тәсілдері» бағыты бойынша дәріс оқиды, сондай-ақ университеттің жас ғалымдары мен докторанттарымен дөңгелек үстелдер өткізеді деп жоспарланып отыр.

Студенттерге лекция оқып, сабақ өту барысында қызығушылығы жоғары болғанын айтқан профессор жастардың тіл білу деңгейі жақсы екенін жеткізді: – Қазақстанда алғаш келуім.  Мұнда өз Отанымда жүргендей сезінемін. Түбі бір түркі жұрты арасындағы туыстық байланыс бар. Екі елдің мәдениеті мен тіл ұқсастықтарын айта отырып кызықты  сабақ өттік. Студенттер мен магистранттар арасында түрік тілін білетіндер бар екен. Қуанып қалдым. Сондай-ақ, ағылшын тілінде сөйлей алатын жастар да көп. Студенттердің тіл үйренуге деген ұмтылысының жоғары болғаны өте жақсы,- дейді.

Доктор Мұрат Конук Дулати университетінде дәріс өту барысында «Кәсіптік бағдарлау процесі мен сипаттамалары, Постмодернистік кәсіптік бағдарлау теориясы, Мансап тұжырымдамасы, даму және ықпал ететін факторлар, Жұмысқа қабылдау туралы өтініш беру процесінде не істеу керек?, Оқытудың әртүрлі деңгейіндегі студенттер үшін мансаптық өсу бағдарламасын дайындау» тақырыптары бойынша білім береді.

Жалпы ғалым өмір бойы ізденіп оқу мен мамандық таңдау тақырыптары бойынша ауқымды ой қозғайды. Мәселен, ғалым адам баласы бір нәрсемен шектелмей өзін үнемі дамыту керек деп есептейді. Өмір ағысына, өзгерістер қарқынына дайын болу керек дейді.  – Өз саласын меңгерумен қатар әр адам қызығушылығына мән берген жөн. Алға ұмтылу керек. Тіл үйреніңіз, музыкалық аспапта ойнаңыз, бойыңыздағы өнерді дамытыңыз, спортпен шұғылданыңыз, жаңа дүниені үйренуге талпыныңыз. Сонда сіз заман ағымына қарай кез-келген өзгеріске дайын боласыз. Өмір бойы адам баласы оқып, іздену керек. Тоқтауға, тосылып қалуға болмайды. Әрдайым өзіңіздің жаңа қырыңызды ашыңыз, дамыңыз, ұмтылыңыз. Сонда сіз жетістікке жетесіз,- дейді доктор Мұрат Конук.

Дулати университетінің Халықаралық ынтымақтастық басқармасы мамандары мен доктор Мурат Конук «Өмір бойы білім алу, мансапты дамыту» тақырыбында әлемдегі жоғары индексті журналға ғылыми мақала жазуды жоспарлап отыр. Бұл бастаманың өзі үшін де үлкен мүмкіндік екенін тілге тиек еткен профессор  жұмыстың жемісті боларына сенім білдіреді. «Сіздердің тез шешім қабылдап, батыл әрекет ететіндеріңіз ұнады. Жағдайға тез бейімделіп, бірден жұмысқа кірісесіздер. Бұл өте жақсы. Университетте әйел адам көп жұмыс істейді екен. Бәрі білімді әрі батыл әрекет етеді. Әйел заты – нәзік жаратылыс қана емес, үлкен күш. Мен өздеріңізбен жұмыс істеп жатқаныма өте қуаныштымын», - деген ғалым алғысын  білдірді.

Түрлі мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер өз саласын таңдауда адаспағаны абзал екенін айтқан ғалым, мамандық таңдауда керекті кеңесімен бөлісті: «Өмір бойы таңдаған салаң бойынша жұмыс істейтін болғандықтан мамандық таңдауды өте ерте, тіпті балабақша кезден ойлана бастау керек. Қандай іске қабілетің бар, икемің қандай, қызығушылығың мен ынтаң бар ма, туа бітті талантың бар ма, міне соның бәрін сараптап отырып, жауапкершілікпен мамандық таңдау керек. Ойланып шешім қабылдау маңызды» - дейді. Жастар үшін керекті мағлұмат берген ғалым үкімет зейнет жасындағы үлкен кісілерді көбірек қолдау керегін де өз сөзінде айтып қалды. «Зейнет жасына жетіп, демалысқа шыққан адам өзін қажетсіз сезінбеу керек. Осы жағын билік өкілдері ескеріп, оларға барынша қолдау көрсетсе екен» деген доктор әр адам қоғам мүшесі болғандықтан, жеке тұлға ретінде құрметпен қарау маңызды екенін айтып берді.

Өзекті, қызықты, қажетті тақырыптарда дәріс оқып, сабақ беретін ғалымнан жастарымыз көп нәрсені үйреніп, көңілдеріне түйеді деп сенеміз.

 

Прочитано 645 раз
Top