ҚАЗАҚТЫҢ ТӨБЕ БИІ – ТӨЛЕ БИ

«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен  «Төле би тұсындағы Қазақ елі: Тәуелсіздік үшін үзіліссіз күрес» тақырыбында  республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Ғылыми-тәжірибелік конференцияға ғалымдармен қатар мектеп оқушылары да қатысты. Ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейітжан Орынбаев кіріспе сөз сөйледі. Тәуке хан тұсында Қазақ елінің дамуы, мемлекеттік қуаты турасында ой қозғады. Тәуке хан ел басқаруда билерге арқа сүйегенін тарихи деректер келтіре отырып жеткізді. «Мемлекеттің ішкі-сыртқы маңызды істерін хан осы билер кеңесі арқылы шешкен. Елді басқарудың жеті сала әдет заңы – «Жеті жарғыны» да Әз Тәуке хан Төле би бастаған билермен бірлесе отырып дайындаған» деп тарихтан деректер келтірді.

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының профессоры, т.ғ.д.  Ахмет Уалханұлы Тоқтабай қазақ халқының тарихы жайлы, халқымыздың алмағайып заманда бастан кешкен тағдыры турасында сөз қозғады. Қиын кезеңдерде халыққа демеу, ханға кеңес берген билер мен шешендердің батыл шешімдерін тілге тиек етті.

Ардагер журналист Елен Әлімжан «Тәуке хан дәуірінен кейінгі билердің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамасында билердің хан билігіне ықпалы, ел бірлігіне қосқан үлесі туралы айтты.

т.ғ.к.,профессор Жанна Сейітқұлова «Төле би мен Қойгелді батырдың қазақ елінің тұтастығы үшін күресі» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым баяндамасында батырлардың ерлігін, билердің әділ шешімдері туралы сөз қозғап, тарихи деректерден мысалдар келтірді. Сондай-ақ, аға оқытушы Ғалия Абдыханова «Төле бидің тәмсілдері» баяндамасында би сөзінің астарына үңіліп, философиялық түйіні турасында сөз қозғады.

Конференция барысында Тараз қаласының Төле би атындағы №8 гимназияның мұғалімдері мен оқушылары, «Қазақтың Төбе биі-Төле би», «Туралықты тұғыр еткен Төле би», «Төле би – тура би, сөз сардары» тақырыптарында баяндама жасады. Сондай-ақ, Шу ауданы Төле би ауылының оқушылары аталмыш конференцияға онлайн қатысты.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияны қорытындылаған «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, т.ғ.к., профессор Сейдехан Бақторазов Төле бидің қазақ тарихында алар орны ерекше екенін айтып, қазақтың төбе биі – Төле бидің артына қалдырған мұрасы, асыл сөзі ұрпақ үшін мол қазына екенін жеткізді. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушыларға алғысын білдірді.

Іс-шара соңында баяндамашылар мен оқушылар алғысхаттармен марапатталып, ұйымдастырушылар жетекшілерге С.У.Бахторазовтың «Әулиеата өңіріндегі кәмпескелеу және ұжымдастыру науқандары кезіндегі дүрбелең» монографиясын тарту етті.

2

3

Прочитано 855 раз
Top