Адал азамат – рухани кемелдіктің көрінісі

Дулати университеті мен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы (ҚМДБ) ҚР дін саласындағы мемлекеттік саясатын жүзеге асыру мақсатында «Адал азамат – рухани кемелдіктің көрінісі» атты Республикалық ғылыми-танымдық семинар өткізді.

Танымдық семинарға Жамбыл облысы бойынша бас имам Бейбіт Мырзагелдиев, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы, шариғат және пәтуа бөлімінің маманы, РАНТ мүшесі Елбек Ходжамұратов, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Шәріп Дәулетбаев және Басқарма мүшесі - Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, факультеттердің тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасарлары, Әлеуметтік жұмыс басқармасының дінтану бойынша бас маманы Бахтияр Алпысбаев, Жастармен жұмыс бөлімінен Даурен Мамыш қатысты.

Іс-шараның мақсаты – жастардың бойына ұлттық жасампаздық қасиеттерді қалыптастыру, рухани құндылықтарды түсіндіру. Қоғамдағы деструктивті, радикалдық түрлі жат діни ағымдардың идеологиясы мен насихаттары Қазақстан қоғамы мен университет жастарына интернет желісі арқылы ықпал етуде. Сондықтан сырттан келген, дәстүрлі діни құндылыққа қарсы келетін барлық қарама-қайшы көзқарастарға жастар арасында ішкі сүзгі имунитетін қалыптастыру.

Шара аясында салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды насихаттай отырып, келешек ұрпақты отан сүйгіштікке, ынтымаққа  баулудың аса маңыздылығы  жайында аят, хадистерден үзінділер келтірілді. Сонымен қатар, дін мен дәстүр, бүгінгі таңдағы діндегі адасушылықтар турасында мысалдар айтылды. Адамның рухани құлдырауының нәтижесінде қоғам мен отбасы арасында көптеген қиындықтар туындайтынын айта отырып, жастарды ақ пен қараны ажырата білуге, шақырды. 

Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Шәріп Дәулетбаев  имандылық болған жерде намыс, адалдық, елім үшін, халқыма пайдалы іс қылсам деген тілек-ниет тұратынын айтты. Білімгерлерге Отанды сүюдің исламда қаншалықты маңызды екенін айта келе, ертеңгі елдің болашағы – жастарды бауырмалдыққа, отансүйгіштікке шақырды.

Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Жастардың заманға сай рухани тәрбие деңгейін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты сөйлеген сөзінде: «...Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл ең алдымен, үлкендердің кінәсі...» деп атап өтті.

Кездесу барысында жастар қауымы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан жауап алды. Дін мен дәстүр аясындағы кездесу емен-жарқын ашық диалогта өтті. Жиын соңында, Басқарма мүшесі Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Тұрлыбек Аслан кездесуге келген қонақтарға алғысхат табыстады.

Адал 1

Адал2

Адал3

Адал5

 

 

Прочитано 792 раз
Top