ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ТАУ ТҰЛҒА

Дулати университеті қабырғасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел жиыны өтті. Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Дулати университетінің профессор-оқытушылар құрамы, студенттері және БАҚ өкілі қатысты.

Қаратай Тұрысов – өмірін туған елінің өсуіне, өркендеуіне және тәуелсіз ел ретінде қалыптасуына, іргесін бекіту жолында сарп еткен сонымен бірге қарапайымдылық пен қайраткерліктің, адамгершілік пен адалдықтың, отаншылдық пен ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсеткен біртуар азамат. Қаратай Тұрысов 1934 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысы Талас өзенінің бойындағы Жасөркен ауылында дүниеге келген. Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-интернатын 1950 жылы бітіріп Москвадағы С. Орджоникидзе атындағы геологиялық барлау институтына оқуға түседі. Осы институт қабырғасында Қаратай Тұрысовтың болашақ өміріне көзқарасы бекем қалыптасты. Ол өз мамандығын сүйіп қана қойған жоқ, осы саланың білікті мамандарының бірі болды.
Әрқашанда тура сөйлейтін, ойын ашық та бүкпесіз айта білетін Қаратай Тұрысов қазақ геологияның дамуына өлшеусіз үлес қосты: «Геолог болу – қияметтің қияметі. Дүниеде 3 мың түрлі минерал бар. Әрбір тастың құрамындағы минералдарды оқып зерттеп, жер қойнында қандай кен жасырынып жатқанын дәл білу керек деп келтірген. 
Қаратай Тұрысов лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, ел өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болған заңғар тұлға заң шығару ісінде де өз қолтаңбасын қалдырды. Елге сіңірген еселі еңбегі үшін оннан астам медальдармен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Барыс» орденімен марапатталған.

Тау тұлғаның 90 жылдығына арналған дөңгелек үстелде Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев кіріспе сөз сөйлеп, заңғар тұлғаның өмірі мен еңбек жолына тоқталды. Аталмыш жиынның маңыздылығын да атап өтті.

Тәуелсіз еліміздің құрылуына өлшеусіз үлес қосқан, тектілігі мен тазалығымен ерекшеленген тұлғаның ерен еңбегі жайлы облыстық Мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев өз сөзінде жеткізді. Абзал азаматтың өмірі кейінгі жасқа үлгі екенін толғана айтты.

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов университет қабырғасында өткен жиынның маңыздылығын айтып, мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың қазақ халқына сіңірген ерен еңбегін ерекше атап өтті.

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институттың вице-президенті, п.ғ.д., профессор Махметғали Сарыбеков Қаратай Тұрысовтың еңбек жолына тоқталды. Қоғам қайраткері соңында қалған рухани, ғылыми мұраларын насихаттап, жастарға көбірек айту керектігін тілге тиек етті. Қаратай Тұрысыв өз ғұмырында пендешіліктен жоғары, нағыз адам болғанын толғана айтып, «бейнесі жүректен өшпейтін, көңілден кетпейтін тау тұлға болды» деп сөзін түйіндеді.

Жиында Қаратай Тұрысовтың сыныптасы, Еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті теміржолшысы Әбдуәлі Данаев сөз сөйледі. Ақсақал өткен күннен сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті. Қаратай Тұрысов екеуі мектепті күміс белгімен бітіріп, үлкен өмірге аттанғанын, достық қарым-қатынасы үзілмегенін көпшілікке жеткізді. Бүгінде тоқсаннан асқан қария ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жастарға өз батасын берді.

Тарих ғылымдарының кандидаты, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы Бақыт Мырзабеков «Өмірі – жастарға үлгі» тақырыбында баяндама жасады. Еңбек жолынан бөлек болмысына, адамгершілік қасиетіне, елін шексіз сүйген ұлтжандылығына тоқталды. Мәскеуде оқып жүрген қазақ жігіттерін жинап ақыл-кеңесін айтып, ғылым мен білім, еңбек жолында үлгі көрсеткен қамқорлығы жайында естеліктерімен бөлісті. Бұндай тұлғаның өмір жолы кейінгі толқынға өнеге болатынын жеткізіп, жастарға Қаратай Тұрысовтай қайсар, қайратты, әділетті азамат болыңдар деп тілегін білдірді.

Заңғар тұлғаның 90 жылдығына арналған дөңгелек үстелге жиналған қауым өз ойларын ортаға салып, естеліктерімен бөлісті. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев еске алу асы беріліп, құран бағышталатынын жеткізді.

Турысов11

Турысов22

 

Турысов4

 

Прочитано 640 раз
Top