Дулати университетінде жаңа ғылыми зертхананың ашылу салтанаты өтті

12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне орай М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Ғылым және коммерцияландыру департаментінің ұйымдастыруымен  «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы ашылды.

Зертхананы ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов лента қиып ашты.

Ғылыми зертхананың ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысы Лесбек Илебаев, «Амангелді Газ» өңдеу зауытының директор орынбасары Болат Бухбанов, «QazaqGaz – барлау және өндіру» инженерлері Құлмағанбет Уалиев және Ғалым Дәндібай арнайы келіп қатысты.

Зертхана ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру аясында ашылды.  Жоба жетекшісі – PhD докторы Арман Кабдушев. Бүгінгі таңда зертхана жабдықталуы толығымен аяқталды. Ғылыми қызметкерлер, магистранттар мен студенттер зертханада ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастады. Зертхананың мақсаты – мұнай-газ, кен орындарындағы ұңғылардың цементтелу сапасын арттыруға бағытталған. 

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев алдымен университет ұжымын Ғылыми қызметкерлер күнімен құттықтап, ашылып отырған зертхананың маңызы зор екенін айтып өтті. – Бүгінгі таңда ғылым саласына үлкен мән берілуде. Былтыр дәл осы күні Президент жанындағы Ғылыми кеңес отырысы өткен болатын. Еліміздегі танымал ғалымдар сол кезде өз ойларын ортаға салды. Президент ғылымды дамытуда біршама нақты тапсырмалар берді. Бүгінде сол бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі ашылып отырған зертхана магистранттар, докторанттар, жас ғалымдардың жұмысына серпін беріп, мұнай-газ саласындағы құрылыста сапаны және өнімділікті жақсартуда септігін тигізеді деп сенемін, - деді.

Университет ректоры Мұхтар Қазбекұлы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан жас ғалымдарды қолдау жыл сайын күшейтіліп келе жатқанын айтты.

– Жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде  сұранысқа ие жобалар еліміздің әр өңірлерінде іске асырылып жатыр. Қазақстандық ғалымдардың ғылыми жарияланымдарының саны мен сапасы артты. Ақпарат ретінде айта кетсек, 2024-2026 жылдарға жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 18 млрд теңге қарастырылған. Бұл ақпаратты айтып отырған себебіміз, «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру аясында ашылып отыр. Зертхана 2023 жылы желтоқсан айында толық жабдықталып, бүгінге, яғни 12 сәуір ғылым күніне арнайы  ашылып отыр. Қазіргі таңда зертханада PhD докторы Арман Кабдушев жетекшілігімен докторанттар мен магистранттар, бакалаврлар білім алып, зерттеулерін жүргізіп, ғылыммен айналасуда. Кафедраның ғалымдары зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мақалаларын жариялауда.

Тек 2023 жылдың өзінде ғана зертхана жұмыстарының нәтижесінде  6 мақала Scopus базасына шыққан, Халықаралық деңгейде мойындалған өнертабысқа патент алынғанын Мұхтар Қазбекұлы атап өтті.

Ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейітжан Орынбаев ашылған зертхананың маңыздылығына тоқталды. Мұнай және газ ұнғымаларын бұрғылау жұмыстарына арналған ерітінділердің, тампонаждық материалдың, цементтелу процесінің  сапалы болуы мен мұнай және газ ұңғыларының қызмет мерзімін ұлғайтатыны туралы айтты. Зертханада  технологиялық қасиеттері зерттелген жаңа материалдар мен ерітінділер Батыс Қазақстан облысында «BJ URAL» ЖШС полигонында сынақтан өтті, оң нәтиже көрсетті. Халықаралық стандарттар бойынша осы бағытта зерттеулер жүргізетін зертхана республикамызда алғаш рет ашылғанын тілге тиек етті. 

«Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасы еліміздегі мұнай-газ саласындағы ұңғымаларды бұрғылау және бекіту кезіндегі мәселелерді шешуге бағытталған. Егер осыған дейін  өңіріміздегі Амангелді газ конденсат кенорынымен, яғни «QazaqGaz барлау және өндіру» ЖШС дуалды оқыту, студенттердің тәжірибеден өтуі сияқты бағыттарда тығыз жұмыс жасап келсек, ендігі кезекте зертхана арқасында ғылым бағытында бірлескен жобаларды атқаруға мүмкіндік туады.

photo 2024 04 12 19 26 04

photo 2024 04 12 19 25 52

photo 2024 04 12 19 25 39

Прочитано 581 раз
Top