Дулати университеті қабырғасында Филология және гуманитарлық ғылымдар факультеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен «Алаштану» аудиториясы ашылды.
Аудиторияның мақсаты – Алаш қайраткерлерінің ағартушылық саладағы сіңірген орасан зор еңбектерін жастарға насихаттау арқылы ғылыми әлеуеттерін кеңейтіп, елі мен жерін сүйер азамат ретінде тәрбиелеу.
Аудиторияның ашылу салтанатына проректорлар мен декандар, профессор-оқытушылар құрамы және кафедра меңгерушілері қатысты.
Тың бастаманың ұйымдастырушысы ғалым, п.ғ.д. профессор Тұрсынай Абдыкадырова жиынды құттықтау сөзбен ашып, ендігі мақсат жастарды рухани жігерлендіріп, төл тарихымызды тереңнен оқыту екенін жеткізді.
Аудиторияның төріне Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов секілді қайраткерлеріміздің суреттері ілініп, деректер қойылған.
Оқу ордамызда білім нәрімен сусындап жатқан жастардың тарихымызды қастерлеуге, Алаш қозғалысының іргелі мәселелерін, мұрасын зерттеп, жаңаша бағытта зерделеуге мүмкіндіктері бар. Аталған аудитория студенттердің сапалы білім алуына себепші болары анық.