Университет қабырғасында «50-ші WFK PAS жастар еріктілері бағдарламасы» (50th World Friends Korea PAS Youth Volunteers Program) атты халықаралық жазғы мектептің жабылу салтанаты өтті.
Жазғы мектеп кәріс ұлтының салт-дәстүрі мен тарихына, тіліне, ұлттық тағамдарына, әдет-ғұрпына қызығушылық танытқан Дулати университеті студенттері мен Тараз қаласының оқушылары үшін өткізілді.
Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Еділханұлы құттықтау сөз алып, Халықаралық жазғы мектеп – білім беру жүйесін интернационалдандыруды іске асыруға ықпал ететін басты тетіктердің бірі екенін жеткізді. Сонымен қатар, жазғы мектеп жаңа білімді, тәжірибелерді игеруге, достық қарым-қатынастың қалыптасуына мүмкіндік жасаған бірегей білім алаңына айналғанын тілге тиек етті.
Жабылу салтанаты барысында Оңтүстік Корея Республикасының жәрмеңкесі өтіп, қазақ және кәріс елінің ұлттық тағамдарына фуршет жасалды.
Шара барысында екі ел студентері мерекелік бағдарлама ұсынып, қазақ және кәріс тілінде ән айтылды.
Оңтүстік Корея Республикасынан Қазақстанға келген еріктілер мен ұйым жетекшісі Чон Кю Бэк шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған Дулати университетіне алғыстарын білдіріп, екі ел студентерінің бір-бірімен тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік туғызғанын атап өтіп, алдағы уақытта да берік байланыс орнатуға дайын екендіктерін жеткізді.