Нөкіс қаласында Қарақалпақ классик әдебиетінің көрнекті өкілі, ойшыл Әжінияз Қосыбайұлының 200 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның пленарлық мәжілісінің ашылу салтанаты және әдеби-сахналық музыкалық кеш болды.
Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзербайжан, Түркия мемлекетінің ғалымдары қатысты.
Университетіміздің «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев конференция жұмысының 1-ші секциясына қатысып, «Абай мен Әжінияздың шығармашылық өмірбаянындағы ортақ тарихи мәселелер» атты тақырыпта баяндама жасады. Мақала Өзбекстан Республикасы Ғылымдар Академиясы Қарақалпақстан бөлімінің хабаршысында жарық көрді.
Конференциядан соң Әлімбай Аманбайұлы Қарақалпақстан Республикасының Қоңырат ауданы №5, №24, №43, №53 орта мектептің оқушыларымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Білімгерлерге «Университет тынысы» газеті мен кітаптар жинағын тарту етті. Оқу ордамыздың құрылымы, университеттің базасында М.И.Менделеев атындағы РХТУ филиалының ашылғаны жайлы жеткізді. Сондай-ақ, білім беру бағдарламалары мен бағыттары жөнінде толығырақ түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іссапар соңында Әлімбай Аманбайұлы Нөкіс қаласындағы Бердақ атындағы Нөкіс мемлекеттік университеті, Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педегогикалық институты және Өзбекстан Республикасы Ғылымдар академиясы Қарақалпақстан бөлімі Қарақалпақ гуманитарлық ғылымдар ғылыми зерттеу институтымен ынтымақтастық және бірлескен ғылыми-зерттеу әрекеттері туралы меморандумға қол қойып, халықаралық байланысты нығайтты.