М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде Техника ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының академигі Исабай Исақұлы Бекбасаровтың 70 жас мерейтойына арналған іс-шара өтті.
Іс-шара мақсаты – ғалымдардың білім беру жүйесіндегі тәжірибелерімен бөлісіп, үлкен бедел мен сый-құрметке ие болып отырған Исабай Исақұлының білімі мен ғылымын жастарға өнеге ету.
Жиын басында Басқарма Мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев Исабай Исақұлының өмірбаяны туралы баяндама оқып, қажырлы еңбегі мен қоғамның зияткерлік тұрғыда дамуына қосқан зор үлесі жоғары бағаланатынын айтты.
Кездесу барысында М.Х Дулати атындағы Тараз университетінің Арлагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мырзашев сөз алып, «Техника ғылымына қосқан елеулі үлесіңіз бен оны дамыту жолындағы еңбегіңізді еліңіз лайықты бағалап, құрметке бөледі. Мерейлі мерейтойыңызда сізге өмірдің бар жақсылығын тілеймін»,- деп өз лебізін жеткізді.
ҚР Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының Вице-Президенті Айым Сабырқызы Исабай Бекбасаровтың тамаша ұйымдастырушылық шеберлігі мен жоғары кәсіби біліктілігі туралы, ғылымдағы еңбегі айшықталып, шәкірттері үшін үлгі екенін жеткізді. Сонымен қатар еліміздің ғылымы мен білім сапасын арттыруға қосқан орасан зор үлесін атап өтті.
Салтанатты басқосуда Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Махметғали Нұрғалиұлы ҚР Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясында елеулі із қалдырған еңбегі өскелең жастар үшін өнеге мектебі болатын өресі биік тұлға екенін тілге тиек етті.
Мерейтойға арнайы келген М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры И.Степанович, Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Г.Алашбайқызы, ҚР ҒЖБМ жобаларды басқару кеңесінің академиялық басымдық және жахандық бәсекелестік жобалар тобының жетекшісі Ф.Нәдірқызы ғылым жолындағы ілкімді ізденістері мен қол жеткізген табыстарының қомақтылығын алға тартып, өз жылы лебіздерін білдірді.
Ал, мерейтой иесі барша қатысушыларға шынайы ілтипат пен жылы сөздері үшін алғыс айтып, жеткен жетістігі тұлғалық ерекшеліктен өзге, көпшіліктің қолдауының арқасында болғанын айтты.