16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында Желтоқсан оқиғасының куәгері, Журналистер одағының мүшесі Бақытжан Маханұлымен кездесу өтті.
Кездесу шымылдығы Кітапханалық-ақпарат орталығы ұйымдастырған «Желтоқсан – тәуелсіздік бастауы» атты кітап көрмесінен басталды. Көрмеде Дулати колледжінің студенттері Желтоқсан оқиғасына қатысты ақпараттық материалдар, сирек кездесетін құжаттар, атақты тезистермен танысып шықты.
Кездесуде Бақытжан Маханұлы жүрек тебірентерлік естеліктермен бөлісіп, тағылымды, жастарға ой саларлық тарих парақтарынан сыр шерту арқылы тарихи шындықты қайта түлетті. Ұлттық рух, тіл, тарих пен намыс мәселесін кеңінен қозғап, өскелең ұрпаққа құндылық етер дүниелерді жіктеп берді. Желтоқсан шындығын, жастардың алаңға қалай, қандай мақсатпен шыққанына тоқталып, ой бөлісті.
Модератор Режеп Баярисов студенттерге Дінмұхамед Қонаевтың қазақ қоғамына сіңірген еңбегін баяндап, жастарды патриот болуға шақырды. Сонымен қатар, Бақытжан Маханұлына М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті колледжінің директоры Камшат Торғайбайқызының «Алғыс хатын» табыстады.
Кездесу соңында студенттер пайдалы және маңызды ақпараттарға және қызықтырған сұрақтарына жауап алып, Қазақстан Республикасының әнұранын шырқады.