2024 жылдың 5 желтоқсанында Халықаралық волонтерлер күні аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Ең мейірімді оқу орны» номинациясы бойынша марапатталды. Бұл атақ университеттің әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы белсенді қызметі мен волонтерлік мәдениетті дамытуға қосқан үлесін айғақтайды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің бастамасымен ұйымдастырылған «Игі істер марафоны» 2024 жылғы 9 шілде мен 1 желтоқсан аралығында өтті.
Марафонның басты мақсаты – қоғамда қайырымдылық пен волонтерлік мәдениетті дамыту, азаматтарды бірлік пен мейірімділікке жұмылдыру.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде көптеген әлеуметтік және волонтерлік жобалар сәтті жүзеге асырылуда. «Әлеуметтік жұмыс басқармасы» мен «Жастармен жұмыс бөлімі»марафон аясында мұқтаж жандарға көмек көрсету, әлеуметтік мәселелерді шешу және жастардың бойында ізгілік пен өзара көмек көрсету құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды ұйымдастырды.
Университеттің марафон шеңберінде жүзеге асырған бастамаларының қатарында:
- - аз қамтылған отбасылар мен балаларға арналған қайырымдылық акциялары;
- - қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық жобалар;
- - ардагерлер мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдауға арналған волонтерлік іс-шаралар бар.
Университет студенттері, оқытушылары мен қызметкерлерінің бірлескен еңбегінің арқасында көптеген игі істер жүзеге асырылды. Бұл М.Х. Дулати атындағы Тараз университетіне өз номинациясында үздік атануға мүмкіндік берді.
«Игі істер марафоны» жеңімпаздарын марапаттау 20 өңірлік волонтерлік фронт-кеңселер басшыларының дауыс беру нәтижесі бойынша өтті. Бұл марапат Дулати университетінің тек білім беру саласында ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік өзгерістердің орталығы ретінде волонтерлік қызметте де көшбасшы екенін растайды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ұжымын және барша қатысушыларды лайықты жеңісімен құттықтаймыз! Университет өзінің үлгісімен шабыт беріп, Қазақстандағы игі істер мен волонтерлікті дамытуға айтарлықтай үлес қосуда!