УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫНЫҢ ХАЛЫҚПЕН ОНЛАЙН КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Оқу ордамызда Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов «Университеттің білім және ғылым саласын дамыту мәселелері» бойынша онлайн форматта есептік кездесу өткізді.

Zoom платформасында ұйымдастырылған басқосуда БАҚ өкілдері, жұмыс берушілер, ата-аналар мен білімгерлер, түлектер және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Кездесу барысында Мұхтар Қазбекұлы 2023-2024 оқу жылындағы жұмыстарды қорытындылап, университеттің оқу, ғылыми, инновациялық, қаржылық, экономикалық, әлеуметтік және тәрбиелік жұмыстар жөнінде жан-жақты талдау жасады. Сондай-ақ, қызметкерлер мен білімгерлердің жеткен жетістіктері жайлы сөз етіп, университеттің стратегиялық мақсаттары мен даму бағыттары жайлы кеңінен баяндады.

Мұхтар Қазбекұлы өз сөзінде, университет білім беру нарығындағы өзінің беделі мен мәртебесінің өсуіне мүдделі екенін жеткізді. Профессор-оқытушылар құрамы жоғары оқу орнындағы жаңа қызмет және білім түрлері арқылы өзінің кәсіби-біліктілік шеберлігін арттыра алатынын баса айтты. Білімгерлер заманауи талаптар мен стандарттарға жауап беретін сапалы білім, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметінің дағдылары мен академиялық ұтқырлық бағдарламаларын пайдалана алатынын тілге тиек етті. Ал ата-аналар ЖОО-да білім алуға қойылатын талаптар туралы толық мәлімет алып, талапкерлердің кәсіби таңдауының дұрыстығына көз жеткізуге мүмкіндік алды.

Бір сағатқа жуық уақытқа созылған кездесуге жалпы саны 300-ден астам халық қатысып, бірқатар сауалдар қойылды. Университет басшысы барлық сұрақтарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Кездесу соңында ректор, Дулати университеті алдағы уақытта еліміздің адами капиталы мен ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейтуге ықпал ететін жаңа бастамаларды жүзеге асыратынын жеткізді.

рект онл111

 

Прочитано 59 раз
Top