Университет қабырғасында Әлеуметтік жұмыс басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» тақырыбында Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты - экономикалық тергеп-тексеру органдарының қызмет барысымен және қаржылық сауаттылықпен таныстыру арқылы жұмысқа орналасу үшін үміткеркерлерге қойылатын талаптармен таныстыру.
Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің криминалистік бөлімінің басшысы Мақсат Байдалиев жастардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, сондай-ақ интернет желісінде құқыққа қарсы контент жарияланымдарының алдын алу негіздерін түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, «Заң және тәртіп: Қаржы пирамидаларын қалай тануға болады, дропперлер кім және басқа кеңестер заңды қалай бұзбауға болады» тақырыбында әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Еділханұлы сөз алып, студенттердің құқық қорғау органдарында қызмет етуге деген белсенділігінің жоғары екенін жеткізді. Жаһандық мәселеге айналған заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияның алдын-алуға, құмар ойындарына қарсы мінез құлықты қалыптастыру жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар, аталмыш тақырып аясында қызмет атқаратын ұйымдардың мәртебесін көтеру үшін алдағы уақытта департамент өкілдерімен тренинг өткізуге ұсыныс тастады.
Кездесу соңында көрермендерге арнайы видеороликтер көрсетіліп, спикерлермен студенттер еркін форматта пікір алмасып, естелік суретке түсті.