ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен 10 және 11 сынып оқушыларына арналған «Study in Kazakstan» шетелдік 20-дан астам ЖОО филиалдарының көрмесі өтті.
Шараға Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, педагог-профориентолог Айдос Жұманазар және шетелдік ЖОО филиалдарының өкілдері мен бітіруші жас түлектер, ата-аналар қатысты.
«Study in Kazakstan» көрмесінің мақсаты – Қазақстаннан шықпай-ақ, шетелдік ЖОО-да білім алуға мүмкіндік жасау арқылы жас ұрпаққа тәжірибелерді игеруге, достық қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал ету.
Қазіргі таңда еліміздің көптеген өңірлерінде шетелдің білікті ЖОО-мен байланыс орнатылып, қос диплом жүйесі бойынша білім алуға жағдай жасалған. Алдағы уақытта шетелдік жоғары оқу орындарының санын арттыру көзделуде. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев өз баяндамасында айтып, түлектерге жылы лебізін жеткізді.
Бітіруші түлектерге Дулати университетінің базасынан ашылған Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті туралы толыққанды ақпараттар қамтылып, білім мен тәрбие алу мүмкіндігі туралы баяндады. Мектеп оқушылары да өздерін қызықтырған сұрақтарын жолдап, сапалы жоғары оқу орнына түсуге қатысты пайдалы кеңестер алды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің бастамасымен еліміздің әр өңірінен жиналған шетелдік ЖОО филиалдарының өкілдері киелі Жамбыл жерінде орналасқан «Айша бибі», «Бабаджа қатын», «Қарахан» кесенелерімен танысып, қызығушылық танытты.
«Study in Kazakstan» көрмесі алдағы уақытта еліміздің басқа қалаларында өз жұмысын жалғастырады. Шара халықаралық білім алуды мақсат еткен мыңдаған студенттермен танысуға және оларды тартуға мүмкіндік береді.