Университет қабырғасында онлайн және оффлайн форматта «Атлах шайқасы және ислам өркениетінің Ұлы далаға таралуы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұйымдастыру комитеті: «Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығы және «Білім берудегі Тарих және география» кафедрасының PhD, қауымдастырылған профессоры Гүлжан Идрисова.
Конференцияға шетелдік және еліміздің әр аймағынан арнайы келген тарихшылар мен белгілі ғалымдар, оқу ордамыздың профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Конференцияның мақсаты – Атлах шайқасының тарихы мен саяси оқиғаларын және Ислам өркениетінің ұлы далаға таралу мәдениеті мен әлемдегі рөліне байланысты зерттеулер мен тұжырымды ойлармен бөлісу. Өскелең жас ұрпаққа шайқастың тарихи құндылығын ұғындырып, маңызы мен мазмұнын насихаттау.
«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, т.ғ.к., профессор Сейдахан Бақторазов сөз алып, ислам өркениетінің Ұлы далада орнығуы – тек діни құбылыс емес екенін, әрі аймақтың әлеуметтік-экономикалық және интеллектуалдық дамуында да шешуші рөл атқаратынын айтты. Бұл дәуірде түркі әлемінен Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шығып, исламдық ғылым мен мәдениетке баға жетпес үлес қосқанын жеткізді. Ерен еңбектері бүгінгі таңда әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігі болып табылатынын сөз етіп, өз мәдениетін, ана тілін сақтау, тарихи тәжірибеге, дінге сүйенудің барлығы ұлттық бірегейлікті айшықтайтынын тілге тиек етті. Бауырлас халықтарды ортақ тарих қана емес, бейбітшілік қағидаттарына негізделген берік ұстанымның да біріктіретінін баса айтты.
Басқосуда танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері баяндама жасап, тұшымды ойларымен бөлісті.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ- түрік университеті т.ғ.д., профессор Хазретәлі Тұрсұн «Түркі- ислам өркениетінің бастауы – Атлах шайқасы» тақырыбында, Б.Т.Турусбеков атындағы Қырғыз мемлекеттік дене шынықтыру және спорт академиясы «Философия және гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Замира Тентиевна «Атлах шайқасы: Ұлы далада исламның таралуы» тақырыбында баяндама жасап, өзіндік ой-пікірлерімен бөлісті. Дулати университетінің қауымдастырылған профессоры Гулжан Идрисова «Атлах-Талас шайқасының тарихи маңызы» тақырыбында баяндама жасаса, профессор, т.ғ.к. Жанна Сейітқұлова «Қазақ тарихындағы ислам дінінің ұлттық мәдениетке әсері» тақырыбында баяндама жасап, өз ойын ортаға салды.
Конференция соңында «Атлах шайқасы және ислам өркениетінің Ұлы далаға таралуы» тақырыбына жан-жақты талдау жасалып, әрі қарай терең зерттеу қажеттіліктері жайлы сөз қозғалды. Қатысушылар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, еліміздің даму жолындағы қарқынды жұмыстардың жалғасын табатындығымен қорытындыланды.