ӨҢІРЛІК ҒЫЛЫМ МЕН ЖОҒАРЫ БІЛІМДІ ДАМЫТУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Басқарма Төрағасы-Ректор Байжұманов Мұхтар Қазбекұлының"Ана тілі" газетіне "ӨҢІРЛІК ҒЫЛЫМ МЕН ЖОҒАРЫ БІЛІМДІ ДАМЫТУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ" тақырыбында берген сұхбаты:

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында еліміздегі ғылым саласына айрықша назар аудару қажеттігін айтып, осы саланың басшыларына тапсырма берді. 
«Келешекте әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын дайындау мәселесін пысықтау керек. Мұның бәрі білім беру бағдарламаларын уақытылы жаңартуға мүмкіндік береді. Негізгі міндет – өңірлік жоғары оқу орындарын кадрларды алдын ала даярлайтын және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталыққа айналдыру», – деп атап көрсетті. Біз осыған байланысты оңтүстік аймақтағы іргелі жоғары оқу орындарының бірінен саналатын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Қазбекұлы Байжұмановпен тілдескен едік. 

– Мұхтар Қазбекұлы, аймақтың экономикалық дамуы өңірлік ғылымды дамытуға тікелей байланысты екені белгілі. Осы орайда өзіңіз басқарып отырған жоғары оқу орны министрлікпен бірге қандай игі жұмыстар атқарды? 
– Рас, елімізде жоғары білім, ғылым саласы жаңа қарқын алды. Оған негіз Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді, Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды және сонымен қатар ғылымға бөлінетін қаражат ұлғайып, ғалымдарға қолдау көрсетіле бастады. 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым ордасында 2024 жылғы мамыр айының 31-інде болып өткен жас ғалымдармен кездесуінде: «Қазір ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ. Шикізатқа арқа сүйеп отыр­ған ел алысқа бармайды. Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек», – деп атап көрсетті. Кездесуде Президент әсіресе ел келешегі – жастарға жоғары көңіл бөлді. «Дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті» деген ол докторантураға қабылданатындардың санын жыл сайын 5 мыңға дейін жеткізу қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ өңірлік проблемаларға, оның ішінде су мәселесіне айрықша назар аударды. Бүгінде елімізде ғылымды дамытуға бағытталған оң үдерістер қалыптасты. Қазіргі таңда ғылымды қаржыландыру соңғы үшжылдыққа қарағанда 3,3 есе өсіп, 2026–2027 жылдары 730 млрд теңге болмақ, ол жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы. 
Аймақтың экономикалық дамуы өңірлік ғылымды дамытумен тікелей ұштасып жатыр. Дулати университетінде 2024 жылғы 21 мамырда өткен Президент жанындағы ҰҒА-ның алғашқы көшпелі отырысында академияның президенті А.Күрішбаев өңірлік ғылымды дамыту мәселесін шешуге және оның өндіріспен байланысын нығайтуға қатысты міндеттерді орындау үшін Ұлттық академия, ең алдымен, бұл жұмысты облыс әкімдіктері жанынан облыс әкімдерінің немесе олардың орынбасарларының төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестер құру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудан бастау керегін атап өтті. Олар өңірдегі ғылымды дамытудың басым бағыттарын анықтап, білімді тарату, ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу, шетелдік технологияларды трансферттеу бойынша іс-шаралардың ұйымдастырушысы болуы қажеттігін білдірді. 
Президент тапсырмасының орындалуында Ғылым және жоғары білім министрлігі де кешенді жұмыстарды қолға алған. Аймақтардың экономикалық, экологиялық, әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешуде өңірлік университеттер мен жергілікті өндіріс орындары арасында арнайы келісім, ынтымақтас­тық байланыс орнатылған. Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің бастамасымен Қазақстандағы жетекші өңірлік университеттердің биылғы ғылыми әлеуетін дамытуға қосымша қаржы бөлінді, қаражат әр саланың ерекшелігіне бағытталған заманауи зертханалар ашуға, сұранысқа қажетті мамандар даярлауға бағытталды. Осы бастама аясында 2024 жылы ғылыми-техникалық тапсырма бойынша конкурстық негізде 6 өңірлік университет академиялық басымдылық орталықтарын ашу мүмкіндігіне ие болды. Бағдарламаны орындау барысында алынған ғылыми-практикалық нәтижелер тауар өндірушілер жұмысының жоғары тиімділігін қамтамасыз етуге, өңірдің ғылыми-техникалық және өндірістік ресурстарының тығыз интеграциясына ықпал етуге, импортты алмастыру үшін жаңа өнімдер мен материалдар алуға, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тиіс. 
– Өңірлік ғылымды дамыту мен кадрларды дайындауда Жамбыл облысында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Жетекші университеттің бірі ретінде Дулати университеті 2024–2026 жылдарға бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру конкурсы негізінде 3,5 млрд тенге жеңіп алды. Бағдарлама аясында 2 отандық университетпен, 1 ғылыми-зерттеу институтымен және өндірістік мекемемен консорциум жасалды, инжиниринг орталығы құрылады, құрылысын 355 млн теңге көлемінде ғылыми жобалар аясында бизнес-серіктестер қаржыландырады, 7 аккредиттелген ғылыми зертхана және білім трансфері орталығы ашылады. Кемінде, 10 докторлық диссертация­сы қорғалады. Халықаралық Scopus, WoS базасына кіретін, процентилі мен квартилі жоғары журналдарда, ең аз дегенде, 10 мақала, комитет ұсынған журналдарда, кемінде, 20 мақала жарыққа шығады. 
Сонымен қатар өңірлік ғылымды дамыту мен кадрларды дайындауда Жамбыл облысында қазіргі таңда айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Президенттің 2022 жылғы 11 қаңтардағы 2025 жылға дейін шетелдік беделді университеттердің филиалдарын ашу туралы тапсырмаларына орай, Дулати университетінің базасынан Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылып, 2024 жылғы 1 қыркүйекте алғашқы студенттерін қабылдады. 
Филиалдың ресми салтанатты ашылуы 2024 жылғы 26 қарашада Ресей президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында өтті. Филиал ашу жұмыс­тарымен қатар, Менделеев университетінің тәжірибесіне сәйкес, 2023–2024 оқу жылынан бастап филиалға талантты мектеп бітірушілерді тарту мақсатында Дулати университетінде «Менделеев сыныптары» ашылды. Ағымдағы оқу жылында 9, 10, 11-сыныптардың 60 оқушысы химия және математика пәндері бойынша тереңдетілген білім алып жатыр. Елімізде ашылып жатқан басқа филиалдарға қарағанда Менделеев университеті филиалының ерекшелігі – ол Дулати университеті, Менделеев университеті және Индустриялық серіктес «Қазфосфат» – негізгі жұмыс беруші арасында үшжақты келісім негізінде ашылды. Филиалда химия өндірісі саласына сұранысқа қажетті мамандар даярлау үшін талапкерлерді «Менделеев сыныптары» арқылы мектептен дайындайтын, ал маман қажеттілігі мен біліктілігі, сапасы жұмыс берушінің тапсырысы бойынша, оның даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Басқаша айтқанда, қанша жұмыс орны жоспарланса, сонша маман дайындалады. Бітірушілер дипломмен жұмыс орнын іздеп жүрмейді. Жобаның табысты болуына «Қазфосфат» кәсіпорны қомақты инвестиция салды. Атап айт­қанда, халықаралық стандарттарға сай оқу құрал-жабдықтары және оқу-ғылыми зерттеу зертханаларымен жабдықталды. Заманауи білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік жасап отыр. Жамбыл облысы химия өңірі саналады, сондықтан бұл инвестициялар Химиялық технология, Өмір қауіпсіздігі мен басқа да ғылыми бағыттар бойынша Қазақстанның химия өнеркәсібі мен өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырары сөзсіз. 
– Президенттің өңірлік ғылымды дамыту тапсырмасы аймаққа не береді? 
– Мемлекет басшысының өңірлік ғылымды дамыту тапсырмасы Дулати университеті ғалымдары үшін де тың серпіліс берді. Университет ғалымдары меморандум негізінде басқа жоғары оқу орындарымен қатар АҚШ, Германия, Португалия, Оңтүстік Корея, ТМД елдерінің серіктес университеттерімен бірлесіп, басқа да халықаралық ғылыми жобаларда зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Айтарлықтай нәтижелерді көрсетуде, оған әлемдік университеттер рейтингісіндегі позициялары дәлел. Биылғы маусымда Дулати университеті әлемдегі ең үздік университеттер тізіміне QS World University Ranking (#1401+) енді, мұнда 21 қазақстандық университет бар. Бұл рейтингіге әлемнің 16 мыңнан астам университеті қатысады.
Дулати университетінде 2022 жылмен салыстырғанда оқытушылардың педагогикалық жүктемесі орташа есеппен 10 пайызға азайтылды, ал жалақысы 20 пайызға көтерілді. Оқытушылар мен ғалымдардың еңбекақысын тағы көтеру 2025 жылға жоспарланып отыр. Университетке оқуға түсушілердің орта балы (ҰБТ) айтарлықтай көтерілген, 2022 жылы ол 77 балды құраса, ал 2024 жылы – 86 балл (су шаруашылығы мамандықтарын қосқанда, қоспағанда 93 балл). 
Дулати университетінде 2024 жылы – 103 бакалавриат, 61 магистратура және 9 PhD докторантура білім беру бағдарламалары боойынша білім алушылардың саны 13 мыңнан асты, олардың ішінде 8 шетелдің жастары бар. 
Дулати университеті цифрлық университет моделіне көшу үстінде. Цифрлық трансформация, ең алдымен, технология емес, стратегия. Бұл университет архитектурасының эволюциясын қажет етуі мүмкін болса да, ең маңызды даму стратегиялық ойлауда. Бірақ цифрлық трансформация мүмкіндіктен гөрі қажеттілік саналады. Қазіргі таңда университетте электрондық оқыту платформасын құру міндеті маңызға ие. 
Университеттің ақпараттық сайтының жаңа дизайны әзірленді. Деректерді өңдеу орталығы құрылды. Орталық үлкен көлемдегі деректерді сақтауға және өңдеуде мүмкіндік береді, сонымен қатар өңірдегі ІТ тұтынушыларына да қызмет көрсете алады. 
Профессор-оқытушылар құрамы мен әкімшілік басқару қызметкерлеріне арналған KPI жүйесін мониторингілеуге негізделген ақпараттық жүйе әзірленді, барлық мүмкіндік қарастырылды. 
Сонымен қатар мектеп түлектері мен студенттердің сұрақтарына жауап бере алатын жасанды көмекшілер (чатбот) әзірленді. Тelegram және WhatsApp мессенджерлеріне арналған чат-бот дайындалды. Барлық құрылымдық бөлімдердің бизнес-процестерін талдау және модельдеу жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде UML-сызбалар дайындалды. SuperQR модулі іске қосылды, модуль университеттегі корпустардың, оның ішінде оқу аудиторияларының, фойе, асхана, компьютерлік сыныптардың, дәретханалардың және жатақханалардың жайлылық пен қауіпсіздігіне тұтынушылар тарапынан баға беруге негізделген. Тұтынушыдан келген жауап университет басшылығының жеке кабинетінде сипатталады, бұл мәселелерді тез анықтауға және шешуге көмектеседі. 
«Huawei technologies Kazakhstan» жетекші жаһандық өндірушілермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, университет Huawei ICT Academy ашу арқылы студенттердің ІТ құзіреттіліктерін жоғарылатуға мүмкіндік алды. Біліктілікті арттыру және қайта даяр­лау орталығының ақпараттық порталы әзірленді. Портал Moodle 4.0 нұсқасымен интеграцияланады және ЭЦК, электронды сертификат, онлайн төлем жүйесі, QR іске қосылады. 
Университеттің цифрлық экожүйесін қалыптастыру мақсатында BPM жүйесін әзірлеу қолға алынды. Жүйе университетті басқаруды толықтай автоматтандырып, ашықтыққа, тиімділікке қол жеткізеді. 
Оқытушылардың ІТ құзіреттіліктерін арттыру мақсатында кешенді жоспар әзірленіп, оқу процесіне қажет цифрлық технологияларды қолдануды үйрету бо­йынша жұмыстар жүргізілуде. 
Мүмкіндігі шектеулі студенттер де назардан тыс емес. Нашар көретін, нашар еститін немесе мүлде көре алмайтын, естімейтін студенттер компьютерге арналған естуге, көруге бағытталған бағдарламалық өнімдермен қамтамасыз етілді. 
Цифрланған қазіргі әлемде біз деректерді басқаруды, талдауды және пайдалануды жақсарту үшін үлкен деректерді пайдалана алуды толықтай меңгеруіміз қажет. Бұл бағытта да өз мамандарымыз­ды оқыту процесі қолға алынды. 
– Университеттің ғылыми көрсеткіштері қандай? Жобаларды қаржыландыру қай деңгейде?
– Университеттің ғылыми көрсеткіштері: 2022 жылы 17 ғылыми жоба 142,6 млн теңге болды, 2023 жылы 34 жоба 237,9 млн теңге, 2024 жылы 92 жоба 4 млрд 965 млн теңге. 
Ғылыми жобалар бойынша бизнес-серіктестердің қосымша қаржыландыру үлесі: 2022 жылы – 1,6 млн теңге, 2023 жылы – 3,2 млн теңге, 2024 жылы  479,6 млн теңге болды. Барлық жоба бойынша 2024 жылғы қаржыландыру игерілді. 
Ғылыми жобалар бойынша атап өтетін мәселе, ол әр жобаға бизнес-серіктестің қосылуы, яғни әр жобаға қосымша бизнес-серіктес өз қаражатынан жобада көзделген сомаға 35 пайызға дейін қосып отыр. Бұл жоба нәтижесі қағаз жүзінде қалмайтынының, өндіріске ендірілетінінің кепілдігі. 
2023 жылы химия; гидротехникалық құрылыс және құрылымдар; мелиорация және суармалы егіншілік мамандықтары бойынша үш диссертациялық кеңес ашылды, оларда 5 доктор диссертация қорғады. 
Университеттің «Механика және технологиялар» ғылыми журналы 2024 жылы төрт бағыт бойынша ҒжЖБМ ұсынған журналдар тізіміне енді. 
Дулати университетінің қаржылық көрсеткіштері – жалпы табысы (+28%), еңбекақы (+22%), оқулықтар мен оқу құрал жабдықтарын сатып алу (22,8 есе) өскен. Таза пайда 2022 жылы – 68,5 млн теңге, 2023 жылы – 714,4 млн теңге, 2024 жылы 457,1 млн теңге болды. Бұл көрсеткіштер Дулати университетінде 2023–2024 жылдары қарқынды жүргізілген жұмыстар нәтижесі деп санауға болады. 
Дулати университетіне БҰҰ Су және табиғи апаттар жөніндегі сарапшылар тобы төрағасының кеңесшісі, БҰҰ Бас Хатшысының бұрынғы кеңесшісі, Нобель лауреаты, Инчхон университеті (Корея республикасы) құрметті профессоры Рае Квон Чунг арнайы шақырумен келді. Университет ұжымымен кездесу барысында экология мәселелері талқыланды. 
– Дулати университетінің халықаралық байланысы да жандана түскен болар…
– Әрине. Айта кетейік, Германия Федеративтік республикасының Қазақстандағы өкілетті елшісі Моника Иверсен мен Экономикалық атташе София Восс Дулати университетіне келді. Дулати университеті Германияның жоғары оқу орындарымен су шаруашылығы, химия­лық технология, жаңартылған энергия көздері, электр энергетикасы және басқа салаларда ынтымақтастыққа да­йын екенін жеткізді. Тараптар қарым-қатынасты одан әрі жалғастыруға және нығайтуға бар күш-жігерін салуға келісті. 
2024 жылғы 21 қазанда Дулати университетіне АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм мырза ресми сапармен келді. Делегация құрамында Бас консул Мишель Еркин, Қоғаммен байланыс жөніндегі көмекшісі Деже Джури Холмс болды. Кездесу мақсаты – өзара тиімді стратегиялық ыңтымақтастықты дамыту және бірлесіп жұмыс істеу арқылы жастарға білім мен дағдыны пайдаланып, тәжірибе алу арқылы кәсіби салаға қадам басуға мүмкіндіктер ашу, ғылыми жобаларға инвестициялар тарту. 
2024 жылы Дулати университеті ҒжЖБМ-нің шетелдік ғалымдар тарту жобасы негізінде жаратылыстану, ауыл шаруашылығы және инженерлік бағыттар бойынша 10 шетелдік ғалымды шақырды. Шақырылған ғалымдардың барлығы жоғары Хирш индексіне ие және әлемнің жетекші университеттерінде (АҚШ, Индонезия, Үндістан, ҚХР және Малайзия) жұмыс істейді. Шетелдің ғалымдарымен бірге университет ғалымдары халықаралық ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Соның нәтижесінде Дулати университеті Небраска университетімен (АҚШ) бірлесіп 38 000$ көлеміндегі грантты жеңіп алды. 
– Өңірде шешімін табатын мәселелер де бар шығар.
– Әрине, өңірде шешімін табуға тиіс өзекті мәселелер де жеткілікті. Құрғақшылық, орман өрті, жер сілкінісі, шегірткелердің шабуылы және, ақырында, өткенде ғана еліміздің бірқатар өңірлерінде орын алған апатты су тасқыны. Оларға жақын болашақта әлемдік проб­лемаға айналу қаупі бар су тапшылығын қосуға болады. Табиғат катаклизмдері мен адам әрекетінен туындаған мұндай құбылыстар халыққа елеулі қиындық әкелетіні белгілі. Зерттеулер негізінде ғана оларды толық немесе ішінара жою, олардан болатын зиянды азайту шараларын жасауға болады және бұл аса қажетті жұмыс. Еліміздегі әртүрлі салалық бағыттағы 14 арнайы экономикалық аймақта 270-тен астам компания тіркелген. Осы компаниялардың біразы өңірлік университет аумағында бірлесе жұмыс атқарар болса, университеттер инвесторлар тартуға мүмкіндік алар еді. 
Дулати университеті ғалымдарының аймақ экономикасын дамытуға бағытталған ғылыми ізденістері айтарлықтай. Университетте еліміздің құрылыс индус­триясы бағытында қызығушылық тудыратын, өндіріске енгізуге таптырмайтын жобалар бойынша елеулі жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі уақытта университет Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің жетекші кәсіпорны «Қазфосфат» ЖШС ынтымақтастықта ұзақ жылдар бойы жиналған өндіріс қалдықтарын кәдеге жаратуда ғалымдардың жобаларын жүзеге асыру жұмыстарын жүргізіп отыр. Атап айт­қанда, құрылыс индустриясына қатыс­ты қажетті және сұранысқа ие портландцемент, талшықты темірбетон, гипс, ілеспе күкіртқышқылын өндіру бойынша зерттеу жұмыстары аяқталып, алдағы жылдары өндіріске енгізу жоспарланып отыр.
Жамбыл облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша өңірдегі ірі және кіші жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың саны 52-ге жеткен. Мәселен, солардың алдыңғы легінде келе жатқан «Қазфосфат» кәсіпорны қазірге дейін 18 млн тонна фосфогипс қалдықтарын жинаған. Дулати университеті ғалымдары осы мәселені шешуге бірнеше жоба әзірледі. Жоғары температураға арналған жабдықтар болмағандықтан, университет ғалымдары мен зауыт мамандары Ресей федерациясының Ставрополь қаласында фосфогипс қалдықтарын арнайы су текті қондыр­ғыда жоғары температурада күйдіріп, сынақтан өткізді. Алынған өнімнің көрсеткіштері жоғары. Бірақ қаржыландыру болмағандықтан, өкінішке қарай, қазіргі уақытта зерттеу жұмыстары тоқтап тұр. Бұл туралы Ғылым академиясының Жамбыл облысындағы көшпелі отырысында айтылды. Өңірлік деңгейде ғылымды қаржыландыру бойынша жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде ұсыныстар берілді. 
– Өңірлік ғылымды дамытуға қатыс­ты қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Осы орайда өңірлік ғылымды дамыту саласында жасалып жатқан оң өзгерістерді қолдай отырып, жинақталған бірқатар мәселе мен оларды оңтайлы шешуде ұсыныстарымызды айт­қымыз келеді. Қазірде отандық ғылым жетілу мен жаңа идея-тәсілдерді талап ететін үдемелі даму жолында тұр. 
Бірінші кезекте еліміздің экономикасын, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге ықпал ететін ғылыми-техникалық прогрестің басым бағыттарын анықтау маңызды. 
Екіншіден, шетелге кеткен жас ғалымдар базасын жасай отырып, оларды кері қайтару, сонымен қатар ынталандыру жолын қарастыру керек деп білеміз. 
Қазіргі таңда бірқатар өңірде ғылыми инфрақұрылымның әлсіздігінен, жергілікті ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары ірі өңірлік проблемаларды шешуде дәрменсіздік танытып отыр. Қалыптасқан жағдайды ескеріп, қатар орналасқан 3–4 облыстың аумағында ҰҒА-ның аймақтық бөлімшелерін ашу іске асырылуда. Ең бастысы, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуді лайық қаржыландыру және ғалымдардың еңбекақысын лайық деңгейге көтеру екені анық. 
Жаңа технологияларды өндіріске енгізуде және тиімді пайдалануда артта қалу сыртқы факторларға тәуелділікті күшейтеді. Өкінішке қарай, ғалымдардың көптеген ғылыми-техникалық жаңалықтары туралы ақпарат тұтынушыларға жетпей жатады. Сондықтан мұндай жаңалықтарды, ақпараттарды тұтынушыларға жеткізетін орталықтар, ұйым­дар ашу қажет. Ғылыми-техникалық ақпараттың қолжетімділігімен қатар, оны сенімді қорғау қажеттігі де айқын. Айталық, ғылыми еңбектерді шетелдік басылымдарда еркін жариялау мүмкіндігі, отандық ғылыми ақпараттық сайттардың, арналардың шектеусіз қолжетімділігі еліміздегі ғылыми зерттеулердің нәтижелерін қорғауды барынша әлсіретті. Мысалға, Ұлттық зияткерлік меншік базасына енген патенттер мен авторлық куәліктердегі ғылыми жаңалықтарды шетелдік серверлерден қарау бойынша Кытай бірінші орында тұр. Нәтижесінде бірқатар отандық емес басылымдарда шетелдік мамандардың авторлығымен біздің ғалымдардың жаңалықтарының өзгертілген нұсқалары жарияланып жатыр. Ғылым саласындағы мұндай бейбастықты тізгіндеу үшін елімізде «Ғылыми ақпаратты мониторингілеу және қорғау орталығын» (ҒАМҚО) құру маңызды деп есептейміз. 
Қазіргі таңда өңірлерде ғылым мен бизнестің арасында қарым-қатынас нақты қалыптаспаған деуге де болады. Дамыған елдерде технологиялық дамудың ажырамас элементі саналатын және ғылым мен бизнес арасындағы байланысты қамтамасыз ететін бизнес-құрылымдар үшін білімді және технологияларды таратудың тұрақты жұмыс істейтін жүйесі біздің өңірлерде жоқ. Сондықтан біздің ғалымдар жергілікті мәселелерді білмейді, ал бизнес-ғалымдардың ғылыми әзірлемелерінен хабары жоқ. 
Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру, ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі маңызды. Олай болса, ендігі жердегі біздің міндетіміз – өңірлік ғылым саласында атқарылған және атқарар істеріміздің халық игілігіне бағытталуын қамтамасыз ету. 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/63825

 

Прочитано 107 раз
Top