«Инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімделу» орталығының бастауымен №1 студенттік жатақханада «Көктемгі көңіл күй- жанға қуат береді» тақырыбында студенттермен психологиялық тренинг ұйымдастырылды.
Тренингке Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек, «Инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімделу» орталығының аға үйлестірушісі Сандуғаш Үсенова, орталық маманы Ержан Рахымбай және студенттер қатысты.
Тренинг мақсаты — жастардың бір-бірімен ашық пікір алмасып, психологиялық тұрғыдан дамуына ықпал ету. Білімгерлердің эмоционалдық интеллектін дамыту арқылы өз-өзіне деген сенімділігін нығайтып, әлеуметтік бейімделуін қалыптастыру.
Тренинг барысында «Инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімделу» орталығының аға үйлестірушісі Сандуғаш Үсенова сөз алып, әрбір адам тұлға ретінде қалыптасу үшін қоршаған ортаның жағымсыз әсерлеріне берілмей, өзін-өзі саналы түрде үнемі дамытып отыруы қажет екенін тілге тиек етті.
Орталық мамандары студенттер арасында түрлі ойындар мен жаттығулар өткізді. Бұл студенттерге топта жұмыс істеуге, олардың ішінде жағымды атмосфераны құруға және тұлғааралық өзара әрекеттестіктің мықты жақтарын көрсетуге мүмкіндік берді.
Білімгерлер ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.