Тараз қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең ауқымда тойланды. Қала халқы мен қонақтары үшін “Достық алаңында”ұлттық дәстүрлер мен өнерді дәріптейтін мазмұнды бағдарламалар ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға Дулати университеті «Жастардың ортасы – ән-жырдың ордасы!» атты мерекелік кеш ұсынып, барша жиналған қауымға ерекше қуаныш сыйлады.
Шара барысында қонақтар ұлттық дәстүрлерден сыр шерткен қойылымдарды, әсем әндер мен күйлерді, әсерлі билерді тамашалады. «Би-НАР» бишілер ансамблінің биі, «Наз Қоңыр» қыздар квартетінің әсем әндері және «Дастан» домбырашылар ансамблінің өнері көрермендерді тәнті етті.
Сондай-ақ, мерекенің маңызды сәттерінің бірі – облыстық және қалалық әкімдерінің арнайы тігілген киіз үйлерді тамашалауы болды. Дулати университеті әзірлеген ерекше киіз үй көрмесі көпшіліктің назарын аударды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкев Дулати университетінің тіккен ақшаңқан киіз үйіне аралап, жоғары баға берді. Сонымен қатар қала тұрғындары киіз үй ішіне емін еркін кіріп, естелік суреттерге түсіп, арнайы қойылым концертке жылы лебіздерін білдіріп, баталарын беріп кетті. Киіз үй ішіне ұлттық тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, тарихи жәдігерлер және қазақ мәдениетін айшықтайтын экспонаттарды орналастырды.
Шара барысында басқарма мүшесі әлеуметтік - мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Еділханұлы Алаштың Жаңа жылы - Наурыз мерекесіне атсалысқан университет ұжымына, факультет декандарына ерекше ықылас пен алғысын білдіріп, мерекелік сыйлықтар ұсынды. Дулати университетінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Берік Есентайұлы тарапынан спорттық ойындарға, қомақты сыйлықтар ұйымдастырылды.
Әсем табиғат пен жаңа күннің қуанышы көрініс тапқан Наурыз мейрамы әр жүрекке қуаныш сыйлап, қазақ халқының дәстүрі мен бірлігін дәріптеген керемет кеш болды. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Наурыз құтты болсын!