Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта есірткіге қарсы айлықтың жабылу рәсімі өтті. Шараға қала тұрғындары, жастар, полиция қызметкерлері мен еріктілер қатысты.
М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенттері мен еріктілері де аталмыш іс-шараға белсене қатысып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Университет атынан қатысқан Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Тұрлыбек Аслан Еділханұлы мен Әлеуметтік жұмыс басқармасының басшысы Ұлтанбаев Арнат Бегдалыұлы нашақорлыққа қарсы күресте белсенділік танытқаны үшін арнайы грамоталармен марапатталды.
Аталған марапат – М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті мен құқық қорғау органдары арасындағы екіжақты тығыз әріптестіктің және Жамбыл өңірінде есірткіге қарсы бағыттағы өзара бірлескен жұмыстың нақты нәтижесі. Бұл – қоғамның игілігі жолында жоғары оқу орны мен мемлекеттік құрылымдардың бір мақсатта жұмыла әрекет ете алатынын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл грамота алдағы уақытта да бірлесе қызмет етіп, жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруда біріккен жобаларды жалғастыру ниетін білдіреді.
Іс-шара аясында тәркіленген есірткі заттары өртелді. Жыл басынан бері 246 есірткіге қатысты қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 1 тонна 883 келі есірткі заты алынған. Сонымен қатар 1097 тоннадан астам жабайы қарасора жойылған.
Кинологиялық қызмет мамандары қызметтік иттердің есірткі іздеудегі қабілеттерін көрсетті, арнайы бөлімшелер көрнекі жаттығулар ұйымдастырды. Шара концерттік бағдарламамен аяқталды.
М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті салауатты өмір салтын қолдай отырып, жастарды нашақорлыққа қарсы күресте белсенді болуға және бірлесе әрекет етуге шақырады!