Дулати университетіне жұмыс сапарымен В. Г. Короленко атындағы Глазов мемлекеттік инженерлік-педагогикалық университетінің жобалық кеңсе мамандары – Людмила Доржиева, Елена Аверина және Шетел тілдері мен удмурт филологиясы кафедрасының доценті Наталия Возмищева келді.
Кездесуге Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова және «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің деканы Гүлнұр Исабекова қатысты.
Кездесу мақсаты – екі университет арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қою. Сонымен қатар, Дулати университеті базасында орыс тілін оқыту орталығы ашылуын талқылау.
Жаңа орталық халықаралық әріптестікті дамытуға, Қазақстанда орыс тілін оқытуға қолдау көрсетуге және студенттер үшін жаңа білім беру мүмкіндіктерін ұсынуға бағытталмақ.
Айта кетейік, 1939 жылы құрылған Глазов мемлекеттік университеті – Удмурт Республикасындағы ең көне жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінде оқу орны математика, филология, тарих, шетел тілдері, педагогика және өнер салалары бойынша мамандар даярлайды.
Қонақтар университет басшылығына ерекше алғыстарын білдіріп, білім ордасы алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, алға қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыратындығына сенім білдірді.