Coursera – әлем бойынша білім алуға мүмкіндік беретін жаһандық онлайн-платформа. Мұнда Stanford, Yale, Google, IBM және Microsoft секілді жетекші университеттер мен компаниялардың курстары, бағдарламалары және кәсіби сертификаттары жинақталған. Студенттер IT және техникалық ғылымдар, бизнес пен басқару, дизайн мен шығармашылық, тіл үйрену, гуманитарлық пәндер және жеке даму бағыттары бойынша білімдерін жетілдіре алады.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Coursera – қазақ тілінде» бағдарламасына үш жыл қатарынан белсенді қатысып келеді. Бұл жоба студенттерге халықаралық онлайн-курстарды қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік беріп отыр. 2023 жылы университетке 1500 лицензия бөлініп, нәтижесінде 4086 студент білім алып, 4660 сертификат табысталды. 2024 жылы 650 лицензия негізінде 1816 студент оқып, 2741 сертификат алды. Ал 2025 жылға 700 лицензия қарастырылған, ол 1400-ден астам студентті қамтуға жеткілікті. Қазіргі таңда 947 сертификат беріліп, қосымша 700 студент оқуын бастап жатыр. Бұл көрсеткіштер платформаның белсенді қолданылып жатқанын және халықаралық курстарға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, Дулати университетінің 20-дан астам оқытушысы мен қызметкері Coursera платформасында арнайы оқытудан өтіп, Course Builder құралын пайдалану мен заманауи білім беру контентін әзірлеу әдістемелерін меңгерді.
2024–2025 оқу жылының күзінде университет академиялық адалдықты қамтамасыз етуге бағытталған пилоттық жобаға қатысып, AutoProctor және LockingBrowser жүйелері арқылы 137 студентті тестілеуден өткізді. Бұл қадам университеттің ашықтық пен сапаға деген ұстанымын дәлелдеді.
2024 жылғы қазанда өткен «Connected2024: Reimagining The Future» конференциясында Дулати университеті Coursera платформасында студенттерді қолдау ісінде белсенділігімен ерекшеленген жетекші жоғары оқу орындарының қатарынан танылды. Жиын барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Coursera басқарушы директоры Николя Фуко онлайн-білім беруді дамытуға үлес қосқан үздік студенттерді, оқытушыларды және университеттерді марапаттады.
Қазіргі таңда университет Coursera платформасына арналған өз курстарын әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта бұл курстар халықаралық білім беру бағдарламалары қатарынан орын алуы күтілуде. Бұл бастама студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашып, оқытушыларға жаһандық аудиториямен тәжірибе алмасуға жағдай жасамақ.
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті заманауи білім беруді дамыту мақсатында халықаралық платформаларды және инновациялық тәсілдерді белсенді енгізіп келеді. Басты мақсат – әрбір студентке әлемдік деңгейдегі білімді қолжетімді етіп, оларды болашақтың сын-қатерлеріне даярлау.