Дулати университеті халықаралық әріптестікті дамыту бағытын жалғастырып келеді. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігімен өзара ынтымақтастық нәтижесінде оқу орнына Fulbright бағдарламасының стипендиаты, АҚШ азаматы Эмма Ким қызметке кірісті.
Fulbright бағдарламасы 1946 жылы құрылған және бүгінде әлемдегі ең беделді академиялық жобалардың бірі ретінде танымал. Бағдарламаны АҚШ Мемлекеттік департаменті қаржыландырады. Басты мақсат – мәдени және ғылыми байланыстарды дамытып, халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту.
Эмма Ким 2025 жылдың 10 қыркүйегінен бастап, 2026 жылдың 30 маусымына дейін Дулати университетінде жұмыс жасайды. Ол студенттер үшін ағылшын тілінде сөйлесу клубтарын, оқыту семинарларын, АҚШ тарихы мен мәдениетіне арналған шаралар ұйымдастырады.
Университеттің Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Алтынбекқызы Эмма Кимнің жаңа оқу жылына арналған жұмыс жоспарымен танысып, студенттерді оқытудағы кәсіби мамандардың маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ, Эмма Кимге жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.