Университет қабырғасында Басқарма Төрағасы – Ректор Мұхтар Қазбекұлы халықаралық серіктестермен кездесу өткізді. Басқосуға Қытай, Корея және АҚШ елдерінен келген оқытушылар мен серіктестер қатысты.
Кездесу мақсаты – университеттің интернационалдандыру саясатын дамыту, шетелдік тәжірибені оқу үдерісіне енгізу және студенттерге көпмәдениетті ортада білім алуға жағдай жасау.
Кездесуге Қытай мемлекетінде орналасқан Ланьчжоу политехникалық университетінің қытай тілі оқытушылары Ло Цзюань Цзюань, Ван Хайсяо және Ван Сяоли, Корея Республикасынан келген корей тілі маманы Сонг Ю Ха, Fulbright бағдарламасының стипендиаты, АҚШ азаматы Эмма Ким мен АҚШ Елшілігінің Қазақстандағы өкілі Жанайдар Дүзгенбай қатысты.
Дулати университеті тарапынан Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова, Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы және «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің деканы Гүлнұр Исабекова, Қытай тілі оқытушысы Амина Шамшиева, 4 курс студенті, корей тілінің аудармашысы Айлара Жолдығұлова қатысты.
Кездесуде университеттің Қытай, Корея және АҚШ-пен әріптестік байланыстары талқыланды. Атап айтқанда, маусым айында Дулати университетіне Қытай мемлекетінде орналасқан Ланьчжоу политехникалық университетінің делегациясы келіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөнінде меморандумға қол қойды. Нәтижесінде, 2025 жылдың 9 қыркүйегінен бастап, 31 желтоқсанға дейін университетке үш қытай тілі оқытушысы шақырылды.
Сонымен қатар, Корея Республикасы Елшілігінің Білім беру орталығы мен университет арасындағы меморандум аясында шетелдік ғалым Сонг Ю Ха 2025 жылдың 9 қыркүйегінен бастап, 31 желтоқсанға дейін университеттің «Әлем тілдері» кафедрасына шақырылды. Маман студенттерге дәрістер оқып қана қоймай, Оңтүстік Кореяның тарихы, мәдениеті мен білім беру жүйесін таныстыратын болады.
Ал, АҚШ тарапынан Fulbright бағдарламасының стипендиаты Эмма Ким және АҚШ Елшілігінің Қазақстандағы өкілі Жанайдар Дүзгенбай арнайы келді. Эмма Ким 2025 жылдың 10 қыркүйегінен бастап, 2026 жылдың 30 маусымына дейін Дулати университетінде жұмыс істейді. Ол студенттер үшін ағылшын тілінде сөйлесу клубтарын, оқыту семинарларын, АҚШ тарихы мен мәдениетіне арналған шаралар ұйымдастырады.
Кездесу барысында Дулати университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Мұхтар Қазбекұлы сөз алып, халықаралық ынтымақтастықтың оқу орны үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Ол шетелдік оқытушылардың келуі студенттерге сапалы білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын, тілдік және мәдени ортада тәжірибе жинақтауға жол беретінін жеткізді. Мұхтар Қазбекұлы шетелдік әріптестерге жылы лебізін білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс, бірлескен жобаларға сәттілік тіледі.
Кездесу соңында шетелдік мамандар Дулати университетінің басшылығына ыстық ықыласпен қарсы алғандары үшін алғыс айтып, жылы қабылдау көрсетілгенін ерекше атап өтті. Олар университеттің алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жететініне сенім білдіріп, бірлескен жұмыстың сәтті болуына тілек білдірді.