Басқарма Төрағасы – Ректор Мұхтар Байжұманов университеттің ғылыми және шығармашылық әлеуетін арттыруға үлесін қосып жүрген қызметкерлерге марапаттарын табыстады.
7-12 қыркүйек аралығында Халықаралық Еуразиялық жоба және «Қазақстандағы туризм жылы» аясында Қытай Халық Республикасының Мәдени орталығы мен Қазақ автономиялық округінің қолдауымен халықаралық пленэр өтті. Халықаралық жобада «Музыка және көркемдік білім» кафедрасының меңгерушісі Нургуль Кошкинбаева, аға оқытушылар Жанна Таджибаева және Серік Ахметов шақырылды. Қазақстандық қатысушылар екі ел арасындағы мәдени және шығармашылық байланысты дамытуға үлес қосып, Халықаралық сертификаттар мен Алғыс хаттарға ие болды.
Мұхтар Қазбекұлы құттықтап, қатысушыларға марапаттарын табыстады. Мұндай жетістіктер – білім ордамыздың абыройын арттырып қана қоймай, жас мамандарға үлгі болатынын жеткізді. Университетіміздің ғылыми және мәдени дамуына елеулі үлес қосып, халықаралық деңгейде Қазақстанның білім саласындағы мүмкіндіктерін көрсеткендерін тілге тиек етті. Алдағы уақытта да шығармашылықтары гүлденіп, жаңа жобаларда табысқа жетулерін тіледі.
Сонымен қатар, профессор, техника ғылымдарының докторы Сағатбек Мырзашевқа университеттегі ғылыми еңбегі мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде атқарған қызметі үшін құрмет көрсетілді. Сағатбек Мырзашевтың кәсіби ісіне адалдығы мен ғылымға деген шынайы құлшынысын атап өтіп, тәжірибесі жас буынға үлгі екенін жеткізді. Профессордың еңбегін ерекше бағалап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.
Марапат иелері өз кезегінде университет басшылығына алғыстарын білдіріп, Халықаралық тәжірибеден алған әсерлерімен бөлісті. Мұхтар Қазбекұлы қатысушыларға шығармашылық табыс пен ғылым жолындағы ізденістеріне сәттілік тілеп, жылы лебізін жеткізді.