Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы 24 ақпандағы №79 бұйрығына сәйкес, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіне бірнеше шетелдік ғалымдар келді.
Германия мемлекетінен Senior Expert Service (SES) бағдарламасы аясында, Гизела Бацел 2025 жылдың 6 қазанынан бастап, 24 қазанға дейін неміс тілінен дәрістер мен семинарлар өткізеді. SES – әлем бойынша кәсіби және әлеуметтік даму саласында тәжірибесі бар ардагер мамандарды жіберетін жетекші неміс ұйымы. SES қатысушылары жобаны жүзеге асыру кезінде жеке тәжірибесін бөлісу арқылы тұрақты серіктестіктер орнатуға мүмкіндік береді.
Ал, Испания мемлекетінде орналасқан Уэльва университетінің ғалымы Альфонсо Инфанте Моро 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, 9 қазанға дейін университеттің «Экономика және құқық» факультетінде оқытушылық қызмет атқарады.
Ал, Сербия мемлекетінде орналасқан Нови Сад университетінің ғалымы Васич Бибигуль арнайы келді. Васич Бибигуль 2025 жылдың 6 қазанынан бастап, 31 қазанға дейін университеттің «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінде оқытушылық қызмет атқарады.
Басқарма Төрағасы – Ректор Мұхтар Қазбекұлы шетелдік ғалымдарды қабылдап, кездесу өткізді. Кездесу барысында оқытудың жаңа әдістері, тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Мұхтар Қазбекұлы сөз алып, халықаралық ынтымақтастықтың оқу орны үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Ол шетелдік оқытушылардың келуі студенттерге сапалы білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын, тілдік және мәдени ортада тәжірибе жинақтауға жол беретінін жеткізді. Мұхтар Қазбекұлы шетелдік әріптестерге жылы лебізін білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс, бірлескен жобаларға сәттілік тіледі.
Кездесу соңында шетелдік мамандар Дулати университетінің басшылығына ыстық ықыласпен қарсы алғандары үшін алғыс айтып, жылы қабылдау көрсетілгенін ерекше атап өтті. Олар университеттің алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жететініне сенім білдіріп, бірлескен жұмыстың сәтті болуына тілек білдірді.