Университет қабырғасында 24 қазан – кітапханашылар күніне орай, «#АшықтықКреативтікЖаңашылдық2025» тақырыбында мерекелік жиын өтті. Ұйымдастыру комитеті: Кітапханалық-ақпараттық орталығы.
Мерекелік жиынға Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова, Кәсіподақ төрағасы Берік Хұсайынов, Кітапханалық-ақпараттық орталығының қызметкерлері мен студентттер қатысты.
Жиынның мақсаты – заманауи кітапхана қызметін дамыту, ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану жолдарын талқылау және кітапхана мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру.
Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімова құттықтау сөз алып, орталық мамандарының білім мен ғылымды дамытудағы еңбегін ерекше атап өтті. Кітапхананы университеттің рухани орталығы ретінде бағалап, ұжымға шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тіледі. Ал, Кәсіподақ төрағасы Берік Хұсайынов өз кезегінде ұжымның ұйымшылдығын, кәсіби жауапкершілігін және жастармен жұмыс істеудегі белсенділігін тілге тиек етіп, қызметкерлерге алғыс білдірді.
Жиын барысында «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты бейнеролик көрсетіліп, «Кітапхана жүрегі – оқырман» флешмобы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, студенттердің арнау өлеңдері мен музыкалық нөмірлері көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Иржанова құттықтау сөз алып, орталықтың жетістіктері мен жүзеге асқан жобаларға тоқталды. Ұжымды жаңа идеялар мен бастамаларға ашық болуға шақырып, барлық әріптестеріне табыс, шығармашылық шабыт және жаңа кәсіби белестер тіледі.
Жиын соңында орталық қызметкерлердің еңбегі лайықты бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Сонымен қатар мерекелік жиында белсенділік көрсеткен студенттерге Алғыс хат табысталды.







