Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардағы академиялық серіктестік жаңа деңгейге шықты

Университет ғалымдары 28 қазан – 1 қараша аралығында Алматы қаласына іс-сапармен барып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен (ҚазҰУ) философия саласындағы академиялық ынтымақтастықты нығайту және практикалық философия бағыты бойынша тәжірибе алмасу мақсатында бірқатар кездесулер өткізді.Іс-сапар «Практикалық философия: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқытудағы интегралды білім беру мен дизайн-ойлау тұжырымдамалық метамоделі» атты ғылыми-зерттеу жобасы аясында жүзеге асырылды.

Сапардың  мақсаты – еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірімен кәсіби байланыс орнату, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласында бірлескен жобалар әзірлеу және ғылыми жарияланымдар дайындау мүмкіндіктерін қарастыру.

Іс-сапар барысында ҚазҰУ-дың «Философия» кафедрасының жетекші ғалымдарымен кездесу ұйымдастырылып, ғылыми-әдістемелік мәселелер кеңінен талқыланды. Әріптестер зерттеу жобасының мазмұнына ерекше қызығушылық танытып, алдағы уақытта бірлескен ғылыми іс-шаралар өткізу және халықаралық ғылыми журналдарда ортақ мақалалар жариялау туралы келісімге  келді.

Кездесуде философияны оқытудағы заманауи тәсілдер, практикалық философияны білім беру жүйесіне енгізу және гуманитарлық пәндерді жаңа қырынан дамыту бағытында пікір алмастырылды. Сондай-ақ, «Философия» мамандығының 3–4 курс студенттеріне арналған «Практикалық философия» пәнін оқу үдерісіне енгізу тәжірибесін сынақтан өткізу мақсатында арнайы семинарлар мен тренингтер өткізілді. Болашақ философ мамандар семинарлар мен тренингтерге белсенді қатысып, философия пәнін оқытудың инновациялық әдістерімен танысқандарына ризашылықтарын білдірді.

Іс-сапар соңында делегация мүшелері ҚазҰУ ұжымымен қорытынды кездесу өткізіп, жылы қабылдау мен өзара ынтымақтастық танытқандары үшін алғыс айтып, бірлескен ғылыми жұмысты одан әрі жалғастыруға ниет білдірді. 

Прочитано 46 раз
Top