М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің №1 жатақханасында дін саласы бойынша «Экстремизмнің алдын алу және дұрыс ислам түсініктері» тақырыбында кездесу өтті. Шараға Әлеуметтік жұмыс басқармасының дінтану бойынша бас маманы Б.Қ. Алпысбаев, сондай-ақ «Мен жаңа ортамен біргемін» тақырыбында тренинг өткізген Рухани-менталды даму орталығының психологы С.Н. Момынова қатысты.
Университеттің Дінтану орталығының бас маманы Б.Қ. Алпысбаев студенттерге қоғамның әлеуметтік, құқықтық және діни қырларын түсіндіре отырып, терроризм, экстремизм және радикалды ағымдардың жастарды арбау тәсілдерінен сақтану жолдарын түсіндірді. Ол жастардың бейбіт өмірдің құндылығын, мейірімділік пен ізгіліктің қоғамдағы басты құндылық екенін ұғынуы керектігін атап өтті. Рухани-менталды даму орталығының психологы С.Н. Момынова «Мен жаңа ортамен біргемін» тақырыбында сөз сөйлеп, студенттерге когнитивті-мінез-құлық терапиясының негізгі қағидаттарын таныстырды. Ол бұрмаланған ойлар мен нанымдардың эмоция мен мінез-құлыққа әсерін түсіндіріп, оларды өзгерту арқылы салауатты реакциялар қалыптастырудың маңызын айтты.
Кездесу барысында қазақ жастарының дәстүрлі дінінен алшақтап, өзге ағымдарға немесе радикалды ұйымдарға еріп кетуінің қоғам дамуына кері әсер ететіні ерекше атап өтілді. Жастар арасында мұндай келеңсіз құбылыстардың таралуына тарихи және мәдени білімнің аздығы, діни сауатсыздық сияқты факторлар әсер ететіні айтылды. Өз тілін, дінін, тарихын және салт-дәстүрін құрметтейтін адамның мұндай ықпалдарға берілмейтіні баса көрсетілді. Сонымен бірге, студенттер қандай елде оқыса да, сол елдің мәдени-рухани ортаға құрметпен қарауы, ал басты назарды білім алуға бағыттауы керектігі түсіндірілді. Кездесуге «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының аға кураторы Г.А. Қасымова, куратор-оқытушылар — доцент Ж.С. Рахманова және аға оқытушы Р.Д. Абутова қатысты.
Іс-шараның соңында студенттер дін, түрлі ағымдар және психологияға қатысты сұрақтарын қойып, дінтанушы Б.Қ. Алпысбаев пен психолог С.Н. Момыновадан толыққанды жауап алды.



