Дулати университетіне Өзбекстан Республикасының Қаршы мемлекеттік университетінің өкілі, Халықаралық білім беру бағдарламаларын үйлестіру бөлімінің меңгерушісі, профессор Насиба Азизова жұмыс сапарымен келді.
Кездесуге Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Гүлнұр Исабекова, «Орыс тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Алтаева және доцент Мария Минайдарова қатысты.
Сапардың мақсаты – екі университет арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту.
Тараптар бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар педагогикалық мамандықтар, оның ішінде «Орыс тілі мен әдебиеті» бағыты бойынша бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігі қарастырылды. Екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың ұлғаюы жаңа ғылыми бастамаларға, сапалы кадр даярлауға және халықаралық серіктестіктің дамуына жол ашады.
Қаршы мемлекеттік университеті – Өзбекстандағы беделді жоғары оқу орындарының бірі. Аймақтық білім кеңістігінде маңызды орны бар бұл университет түрлі салалар бойынша жоғары білікті мамандар даярлаумен танымал.
Кездесу соңында екі университет те ғылым мен білім саласындағы әріптестікті одан әрі жалғастыруға ниетті екенін білдіріп, алдағы уақытта өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін атап өтті. Шетелдік қонақтар жылы қабылдауға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.


