ЖҮРЕККЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН БАЙҚАУ... Жеңімпаз – Дулати университетінің студенті

Мамыр айының 19 күні Халықаралық Тараз инновациялық институты «Шерхантану және Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Инклюзивті білім беру және психологиялық қолдау көрсету» орталығының ұйымдастыруымен «Өмірге құштармын!» атты әлеуметтік жобасының негізінде өткізілген облыстық байқауға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Технологиялық факультетінің студенттері Айнұр Орақбаева мен Жасұлан Дүйсени қатысқан болатын. 5 мамырда өткен бірінші кезеңнен сүрінбей өткен қос студентіміз де екінші кезеңге жолдама алған болатын.
Бұл жоба - мүмкіндігі шектеулі балалар арасында шығармашылықты дамыту мақсатындағы студенттердің жетекшілігімен жүзеге асады.
Жобаның демеушісі – Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Ерболат Байұзақұлы Саурықов.
Байқаудың бірінші кезеңіне барлығы 19 студент өз «кейіпкерлерімен», яғни мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Байқау талаптарын орындап, үздік деп танылған 10 жұмыс екінші кезеңге жолдама алған болатын. Айнұр мен Жасұлан да топ жарып, екінші кезеңнен де сүрінбей өтті.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды Технологиялық факультеттің, 5В075000 - Метрология мамандығының студенті Айнұр Орақбаева мен оның «кейіпкері» - «Болашақ» мектеп-интернатының 3 сынып оқушысы Кубанычбеков Нұрсұлтандар алып, Айнұр 150 000 теңгелік сертификатты иеленсе, «кейіпкері» Нұрсұлтан 300 000 теңге көлеміндегі сертификатты иеленді. Нұрсұлтанның көру қабілеті өте төмен. Ол Айнұрдың көмегімен ермексаздан «Туған жер» тақырыбында анимациялық туындылар жасады. Бірінші кезеңде Айнұр Нұрсұлтан жайында тамаша бейнеролик жасап, оның мүмкіндігі шектеулі болса да талантты екендігін дәлелдеп берді, сонымен қатар «Таланттың кемпірқосағы» атты эссе жазып, орындалған жұмыстары үлкен баға алған болатын.
Ал, 6В07511 Стандарттау және өнеркәсіпте сапаны басқару мамандығының студенті Дүйсени Жасұлан болса балалардың церебралды салдануы диагнозымен ауыратын Сарысу ауданы Жаңатас қаласынан Құдайберген Мұхаметқалимен жұмыс жасап, дәл осы тапсырмаларды орындай отырып, «Сезімтал жан» номинациясын иеленді. Кейіпкері 50000, ал Жасұлан 20 000 теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды.
Мүмкіндігі шектеулі өнерлі балалармен жұмыс жасай отырып, менің жүрегіме көп жылу, санама сезімталдық орнады. Олардың өмірінен хабардар болған мен, оларға үлкен жанашырлық пен қолдау қажет екенін терең түсіндім. ХТИИ ректоры Е.Саурықовқа қаржылық марапаты үшін үлкен алғыс білдіремін. Жобаның авторы «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Айнұр Кембаеваға да үлкен рақмет. Мұндай жобалар көп болса нұр үстіне нұр болар еді», - деп өзінің пікірін білдірді байқау жеңімпазы Айнұр Орақбаева.
Бұл байқау, жастардың бойында азаматтық-патриоттық позиция ұстануына әсер ете отырып, студенттерді қайырымдылық жасауға тәрбиеледі деп толық айтуға болады.

2

3

4

5

6

7

8

9

«Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының аға оқытушысы Айтоқпақ Сымбат Сәрсенбиқызы

Top