«Мұғалім-зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» деп орыс зиялысы К.Д.Ушинский айтқандай, ұстаз адам баласы үшін ең қымбат та ардақты тұлға, өз істерінің маманы бола білген дөңгелек үстеліміздің қонақтары — ардагер ұстаздар профессор Байтуреев Ағыбай Мамбетұлы және профессор Баданов Кенжебек Исабекұлы шақырылды.
Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ардагерлерімізге «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының магистрі, аға куратор Касымова Галия Аскербекқызы мерекелік іс шараны ашып берді. Содан соң сөз кезегін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік универсиетінің кәсіподақ төрағасы Құсайнов Берік Есентайұлы ардагер ұстаздарға зор ризашылығы мен алғысын білдіріп, еселі еңбектің зейнетін көріп, жемісін тере берулеріне, әркез қуаныш-шаттыққа бөленуіне тілектестігін білдіріп, ардагер ұстаздарымызға арналған шапан мен гүл шоғын табыстады.
«Ұстазсыз шәкірт тұл» дегендей, Баданов Кенжебек Исабекұлы мен Байтуреев Ағыбай Мамбетұлының шәкірттері бүгінде сан-салада қызмет жасап, еліміздің гүлденуіне тер төгуде. Сондықтан ардагер ұстазды білімі мен біліктілігін шыңдау жолында игілікті істер қалдырған ұлағатты ұстаздарға шәкірттері «Текстиль, материалтану және стандартизация» кафедрасының меңгерушісі т.ғ.к, доцент Шардарбек Мухамеджан және PhD, доцент м.а.Қауымбаев Рақымжан тілектері мен алғыстарын білдірді. Әрі қарай, ардагерлер мен барлық ұстаздарға арнап «Стандарттау және өнеркәсіпте сапаны басқару» мамандығының 2 курс студенттері Азимбеков Бақдаулет пен Біржанова Асылжан ән мен өлең сөздерін арнады. Студенттердің арасынан ардагер ұстаздарға сауалдар қойылып өте керемет жауаптар мен тілектер айтылды. Қаншама шәкірттердің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаздар Кенжебек Исабекұлы мен Ағыбай Мамбетұлы– 40 жылдан астам еңбек еткен ұстаздар, бақытты жандар, асқар тау әкелер мен ардақты аталар. Ұрпағымен жайқалып отырған ардагер-ұстаздарға денсаулық тілейміз. Қорыта айтқанда, үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сондықтан «Әркімнің өз дара жол» демекші-ардагер ұстаздарымыздың жас ұрпаққа берер өнегісі мен білім саласына тигізетін пайдасы мен еңбектері ұшан теңіз.
4 курс кураторлары Тулендиева Г.О. және Демеуова Г.Б.