Қайырымдылық- ізгіліктің нақты көрінісі, адамның асыл қасиеттерінің бірі. Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Мұқтажы өтелген жанның қуанышын көру, батасын алып, ризашылығына бөлену шынында керемет сезімге бөлейтініде рас.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазанның 22-күні Қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Елу жылда - ел жаңа» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сүйімқұл Шарапат Батырбекқызы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Экономика» кафедрасының аға оқытушысы, аналар кеңесінің төрайымы Жантаева Ардақ Мықтыбекқызының , кафедра ұжымының қолдауымен облыстық Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында шарапаты мол қайырымдылық іс-шара ұйымдастырып өткізілді. Іс-шараның мақсаты мұқтаж жандарға қайырымдылық пен рухани демеу беру болатын. Орталық ғимараттың ауласындағы балалар алаңына арнайы газон сыйға тартылды. Кездесу барысында аталған мекеме басшысы Шлыкова Марал Мұхаммедсафақызы және ұжым қызметкерлері мен ата-аналар бірігіп университеттен келген қонақтар алдында сөз сөйлеп, ыстық ықыластары мен алғыстарын білдірді. Мекеме қызметкерлерінің ауыр жұмыстарымен танысып, оларға келешекте жаңа табыстар тіледі.
Болашақта еліміздің өркендеуіне білімді жастар ғана биік асулардан аса алатынын ескерсек, балаларға жасаған қамқорлық елімізге еселеп қайтатыны анық. Ел тірегі, ертеңіміздің кепілі – жас ұрпақ!