ТӘУЕЛСІЗДІК – ӨРКЕНДЕУІМІЗДІҢ БАСТЫ КЕПІЛІ

Экономика және құқық факультетінде «Философия және саясаттану» кафедрасының ұйымдастыруымен zoom платформасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына арналған «Тәуелсіздік – өркендеуіміздің басты кепілі» тақырыбына дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелді Философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі  Дина Дүйсебайқызы кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жарияланғанына тоқталып, мақалада баяндалған Тәуелсіз Қазақстанның басып өткен белестері мен еліміздің болашаққа бағдары жайлы ойларға шолу жасап, түсінік беріп өтті.

Келесі сөз кезегін алған философия және саясаттану кафедрасының профессоры Тәуекелбек Жұмабекұлы тәуелсіздік ең басты құндылығымыз екендігін тілге тиек етіп, оны бағалап қастерлей білуіміз керектігіне тыңдаушылардың назарын аударды. Сонымен қатар ол соңғы кезде кейбір ресейлік саясаткерлердің еліміздің тұтастығына күмән келтіретін келеңсіз пікірлерін сынға ала отырып, оларға батыл тойтарыс беру қажеттігін айтты.

Одан кейін сөз сөйлеген аға оқытушы Режеп Оразбайұлы мақаланың «Таным және тағылым» атты тарауына талдау жасап, түсінік беріп кетті. Президент өз мақаласында халқымыздың тарихи санасын жаңғыртудың маңыздылығы жайлы айтып өткен болатын. Бұл мақсатқа жетуде әсіресе тарихи тақырыптарға арналған фильмдердің атқарар қызметі жоғары. Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет» деп атап айтқан болатын. Бұл мазмұны терең сындарлы ой өнер қайраткерлерінің назарында болуы тиіс. Режеп Оразбайұлы сонымен қатар мемлекет басшысының тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болған Алаш қайраткерлері жайлы айтқан сөздеріне тоқталып, атап өтті.

Келесі сөз сөйлеген философия және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Гүлнар Болатбекқызы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласындағы «Ұлағат пен ұстаным» атты тараудың мазмұнына тоқталып, шолу жасап өтті. Президент өз мақаласында «Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді» деп көрсеткен болатын. Сондықтан да Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – қоғамдағы осы сұранысқа тікелей жауап болып табылады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн» деп атап өтті. Сол себепті алдағы уақытта елімізде ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшетіндігімізді жария етті. Президент өз сөзінде «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деп, мақсатымызды айқындап атап өтті.

Жиын соңында  кафедра меңгерушісі Дина Дүйсебайқызы дөңгелек үстелдің барысын қорытындылап, ол мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының мазмұнын алдағы уақытта студенттер арасында да түсіндіру қажет екендігін айта отырып, дөңгелек үстелге қатысушылардың істеріне табыс тілей отырып, өз сөзін аяқтады.

Режеп Баярисов «философия және саясаттану»

кафедрасының аға оқытушысы

Top