РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ - ЖАСТАРҒА ЖАРҚЫН ЖОЛ!

Қазақ Елінің жастары білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылулары керек. Себебі, жаңа дәуірде тек бәсекеге қабілетті, аса білімді, сауатты адамдар ғана табысқа жетеді. Ел жастарында осындай қасиеттер болса, кез-келген мемлекеттің болашағы жарқын болары анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 4 жыл бұрынғы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылайша Қазақ Елінің болашағын білікті жастармен байланыстарын ерекше атап өтті. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік  университетінің ғалымдары мен студенттері Ұлт Көшбасшысының бұл пікірін толықтай қолдап отыр.

Кез-келген елдің болашағы қашан да өсіп келе жатқан ұрпағына байланысты. Сол себепті де, Қазақстан бәсекеге лайықты, білікті жастарды дайындауға баса назар аударып келеді. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет бұл – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта айқындалған бағасы, не болмаса сапасы жағынан өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы. Десе де, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Заман жаңарған сайын, білім беру саласын да жетілдіріп отыру қажет.

Білім – табысты болудың басты факторы. Ол ел жастарына болашағына ғана емес, бүтіндей мемлекеттің дамуына әсер етеді. Сондықтан, оған әрдайым ерекше басымдық берілетіні белгілі. Қазір экономика, өнеркәсіп, өндіріс салалары көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжуда.

Болашаққа бағдар ретінде факультетіміздің ғалымдары және білім алып жатқан жастарымыз Елбасының осы сөздерін өздерінің алға қойған өмірлік мақсаттарына енгізе отырып, еліміздің рухани тұрғыдан дамып, интеллектуалдық дәрежесінің жоғарылауына үлесін қосып отырғаны анық.

Қазіргі таңда бүкіл әлемді жаулаған қатерлі індеттің тарауына бой бермей, қашықтан оқыту жүйесі арқылы цифрлық сауаттылықтарының едәуір талапқа сай екендерін дәлелдеуде. Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастарымыздың интеллектуалды көрсеткіштері олардың тек білім деңгейімен ғана емес, сонымен бірге олардың ұлттық тәрбиесімен, рухани жаңғыруымен де тікелей байланысты.

«Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді», - дейді Н.Ә.Назарбаев. Сондықтан рухани жаңғыру үдерісін дер кезінде қабылданған оң шешім деп танимыз. Осы рухани жаңғырудың жүзеге асырылуын біз және сіз болып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлікте орындауымыз аса қажет. Бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болу – Елбасының асыл арманы.

Алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар. Сол асулар мен қиындықты жеңу үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған тек жүрек пен білім, талант пен талап керек. Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем етер, әлем таңғалар, талай - талай жаңалық ашар білімділер керек. Осы Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын, қазақ елінің ертеңі, болашағы үшін жауап беретін бүгінгі ұрпақ екенімізді сезінейік. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек.

“Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан!”- деп Ұлы ақын Абай атамыз айтқандай, осы нақыл сөзді жадымызда сақтай білейік!

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті,

«Менеджмент» кафедрасының

аға оқытушысы, э.ғ.м.

Сулейменова Индира Қосаманқызы

Top