Дулати университетінің «Менеджмент» және «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасының 1 және 2 курс студенттері «Қазіргі заман жағдайында терроризм мен діни экстремизм қаупі» тақырыбында өткен ашық кураторлық сағатта осы мәселелер ашық айтылды. Жамбыл облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі А. Тайтелиев және облыстық діндерді зерттеу орталығының инспекторы А.Сәрсенбаев жастарға көптеген деректерді келтіріп, ақпараттық әңгіме жүргізді. Студенттердің сұрақтарына жауап берді.
«СОҚЫР СЕНІМ» СОРЛАТАДЫ
Білім алу, сауатты болуы – діннің де талабы осы. Алайда, шала біліп, шала үйренгендер «көрдім-білдім» деп өзін де, айналасындағыларды шатастырып бітеді. Міне сол терең зерделеп, ашық сананамен таразылай білмегендер, яғни «соқыр сенімнің» жетегіндегілер ғой, ең соңында ата-анасын да, жақындарын да сорлатып кететін.
Олардың жастық албырттығы, сенгіштігі – өзіне жау. Не нәрсенің болмасын байыбына бармай, айтқанға сеніп, айдағанға көне беретін жастар бүгінде экстремистердің қолындағы «соқыр құралға» айналғаны жасырын емес. Ал жас буынды осы жолдан қалай қайтаруға болады? Аңғалдықпен алданып қалмау үшін не істеу керек?